Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті қарым-қатынаста шетелдік сөздердің орнына қазақ тілінде қалыптасқан төл атауларды көбірек қолдануға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Мүфтият өкілдерінің түсіндіруінше, діни рәсімдер кезінде араб тіліндегі аяттар, дұғалар мен зікірлердің өзіндік орны бар. Алайда күнделікті тұрмыста діни ұғымдарды қазақша жеткізген дұрыс.
Мәселен, басқарма мамандары «ифтар» және «сухур» сөздерінің орнына қазақ тілінде бұрыннан қолданылып келе жатқан «ауызашар» мен «сәресі» атауларын пайдалануды ұсынды.
Сондай-ақ адамдар бір-біріне қарата айтатын «ахи», «ухти», «брат», «сестра» сөздерінің орнына «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген қазақша сөздерді қолдануға кеңес берді.
Бұдан бөлек, мүфтият өкілдері бес уақыт намаздың қазақ тілінде қалыптасқан «таң», «бесін», «екінті», «ақшам», «құптан» деген атауларын да орынды қолданудың маңызын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы діни ұғымдарға қатысты байырғы қазақ сөздерінің орнына араб тіліндегі атауларды жиі қолдану мәселесіне назар аударған болатын.