Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова педагогтерді аттестаттау қағидаларына енгізілген жаңа өзгерістер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вице-министр мұғалімдерді бағалау тәсілі қайта қаралғанын атап өтті. Енді педагогтердің кәсіби деңгейі тек тест нәтижелерімен емес, олардың күнделікті жұмысы мен білім сапасына қосқан нақты үлесі арқылы бағаланатын болады.
Сонымен қатар пәндік тестілеу толық жойылмайды. Ол белгілі бір санаттарға сақталады:
- педагогикалық қызметке жаңадан келген түлектер үшін;
- жұмысын қайта бастаған мұғалімдер үшін;
- білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары мен әдіскерлер үшін.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, білім беру жүйесінде тестке тәуелділікті кезең-кезеңімен азайту көзделіп отыр. Осы мақсатта педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылдауда гибридті бағалау моделі енгізіледі. Бұл жүйе тест нәтижелерімен қатар арнайы емтихандарды да қамтиды.
Сондай-ақ педагогикалық мамандықтарға қойылатын талаптар күшейтілді. Енді шекті балл 75-ке дейін көтерілді. Бұл талап болашақ мұғалімдердің сапасын арттыруға бағытталған.
Вице-министрдің айтуынша, жас мамандар үшін тестілеудің сақталуы олардың академиялық деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Ал білім беру ұйымдарының басшылары үшін бұл басқарушылық шешімдер қабылдауға қажетті құқықтық және нормативтік білімін бағалауға көмектеседі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда педагогтерді аттестаттау жүйесіне өзгерістер енгізілетіні хабарланған болатын.