Malim.kz
Білім-ғылым

Мұғалімдер оқушыларға тек сабақ уақытында ғана жауапты болады – Асхат Аймағамбетов

Сабина Асқарқызы
Фото:depositphotos.com

Жаңа заңнамалық түзетулерге сәйкес, педагогтер оқушылардың өмірі мен денсаулығына тек оқу-тәрбие процесі кезінде ғана жауапты болады, деп хабарлайды Malim.kz.

Ал сабақтан тыс уақытта орын алған жағдайлар үшін жауапкершілік ата-аналар мен заңды өкілдерге жүктелмек.

Заң жобасын таныстыру кезінде депутат Асхат Аймағамбетов бұл бастаманың қажеттілігін нақты мысалдармен түсіндірді:

Өткен жылы елде бірнеше резонансты жағдай болды. Жазда, кешкі уақытта немесе демалыс күндері оқушылар құқықбұзушылық жасап немесе түрлі келеңсіз жағдайларға тап болды. Сол кезде мұғалімдер олардың жанында болған жоқ. Бірі демалыста, бірі үйінде болды. Соған қарамастан, мектеп директорлары мен мұғалімдерге жаза қолданылып, тіпті жұмыстан шығаруға дейін барды. Бұл – әділетсіз. Енді заңда нақты норма бекітіледі: педагог балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде және өз қызметтік міндеттері аясында ғана жауап береді. Ал жазғы демалыс, түнгі уақыт пен демалыс күндері ата-ананың жауапкершілігіне жатады, – деді ол.

Депутат бұл өзгерістер педагогтерді негізсіз жауапкершіліктен қорғауға бағытталғанын атап өтті.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да осы ұстанымды қолдап, мұғалімнің рөлі нақты айқындалуы тиіс екенін айтты:

Оқушы үшін педагогтің тек оқу уақытында жауап беруі өте маңызды қағида. Сабақтан тыс уақытта балаға тек оның ата-анасы жауапты болуы керек. Педагогтің негізгі міндеті – өз пәнін сапалы оқыту, білім алудың тәсілдерін үйрету және өзі де заманауи білімге ие болу, – деді Смирнова.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары