Malim.kz
Білім-ғылым

Мұғалімдер үшін күтпеген жаңалық: Қазақстан мектептерінде жаңа сабақ пайда болады

Мадияр Қапанбек
runna10 / Gety Images

Қазақстандағы білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының негізінде жұмыс істейтін "Даналық мектебі" отбасылық тәрбие клубтарының қызметі жүйелі түрде жалғасып келеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл клубтар отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты арттыруға, ата-аналардың педагогикалық мәдениетін көтеруге және ұлттық тәрбие құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды алаң саналады.

Клуб аясында "Әке өсиеті", "Әже даналығы", "Аға қамқорлығы" сияқты бағыттар бойынша түрлі кездесулер, тренингтер мен тәрбиелік іс-шаралар өткізіледі. Мұндай жұмыстар ұрпақтар сабақтастығын сақтап, отбасылық дәстүрлерді насихаттауға мүмкіндік береді.

2025-2026 оқу жылы басталғалы бері клуб аясында шамамен 33 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылған. Биылғы оқу жылында өткізілетін сабақтардың мазмұны қазіргі заман талаптарына сай жаңартылған.

Бағдарламада балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, ұрпақтар арасындағы сыйластықты нығайту, оқушыларды кітап оқуға ынталандыру, қаржылық сауаттылықты дамыту сияқты бағыттарға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі отбасы мүшелерінің рөлі мен жауапкершілігін түсіндіруге басымдық беріледі.

Айта кетейік, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары 2023 жылдан бері еліміздің барлық мектептерінде "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жұмыс істеп келеді. Ал "Даналық мектебі" клубы тек іс-шара өткізетін алаң ғана емес, отбасылық құндылықтарды нығайтып, өзара құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған рухани-тәрбиелік орта ретінде маңызды рөл атқарады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары