Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің ата-аналармен кешкі сағат 18:00-ден кейінгі қарым-қатынасын шектеу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрдің айтуынша, ата-аналар мұғалімдерге қатысты сұрақтарын жұмыс уақыты аяқталғанға дейін қойғаны дұрыс.
"Біздің ұстанымымыз нақты: ата-аналар чаттарында сағат 18:00-ге дейін сұрақтар қоюға болады деп есептейміз. Ал 18:00-ден кейін әр мұғалімнің жеке өмірі бар және оны құрметтеу қажет", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның сөзінше, биыл "Педагог мәртебесі туралы" заңға өзгерістер енгізіліп, мұғалімдердің сабақ уақытындағы және сабақтан тыс уақыттағы міндеттері, сондай-ақ мектептегі және оқу процесіндегі жауапкершілігі нақтыланған.
"Біз мұның барлығын заңнамалық тұрғыдан шектедік. Ал сағат 18:00-ден кейінгі уақытқа қатысты мәселені де ата-аналар қауымдастығымен бірге пысықтайтын боламыз", – деді министр.
Осылайша, мұғалімдерге кешкі уақытта хабарласуға қатысты нақты тәртіп әлі де ата-аналар қауымдастығымен талқыланбақ.