Malim.kz
Экономика

Мұнай бағасы күрт төмендеді: бұған не себеп?

Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Әлемдік нарықта мұнай арзандап жатыр. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге қатысты үміттің артуы және Сауд Арабиясынан мұнай жеткізудің ішінара қалпына келуі әсер етті. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 100 доллардан төмен түсті, деп хабарлайды Malim.kz. 

Tengrinews.kz жариялаған ақпаратқа сәйкес, Астана уақытымен сағат 15:18-дегі мәлімет бойынша, Лондондағы ICE биржасында Brent мұнайының қараша айына арналған фьючерстері 2,17 пайызға арзандап, барреліне 98,16 доллар болды.

Ал америкалық WTI мұнайының қараша фьючерстері 2,70 пайызға төмендеп, барреліне 89,87 долларға түсті.

Мұнай неге арзандап жатыр?

Бағаның төмендеуіне әсер еткен негізгі себептердің бірі – Иранның Ормуз бұғазын қайта ашуы мүмкін деген ақпарат.

БАҚ мәліметінше, егер АҚШ әскери қысымды азайтып, Иран порттарына қойылған шектеулерді жеңілдетуге бағытталған қадамдар жасаса, Тегеран Ормуз бұғазын жеті күн ішінде ашуға дайын. Иран бұл ұсынысын араағайындар арқылы Вашингтонға жеткізгені хабарланды.

Мұнай бағасына АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынастың жұмсаруы мүмкін деген болжам да әсер етіп отыр. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Иран президенті Масуд Пезешкианмен кездесуге дайын екенін мәлімдеген.

Бағаның төмендеуіне ықпал еткен тағы бір жағдай – Сауд Арабиясының мұнай экспортының ішінара қалпына келуі. Мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдардан кейін 20 қыркүйекте Saudi Aramco жеті ірі танкерге шамамен 14 миллион баррель мұнай тиеген.

Соңғы алты күнде Ормуз бұғазы арқылы тасымалданған Сауд Арабиясы мұнайының орташа көлемі тәулігіне 2,9 миллион баррельге жетті. Салыстыру үшін айтсақ, тамызда бұл көрсеткіш тәулігіне шамамен 700 мың баррель болған.

Мұнай бағасының төмендеуі Қазақстанға қалай әсер етеді?

Мұнай бағасының өзгеруі Қазақстан экономикасы үшін маңызды. Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов бұған дейін мұнай құны ел бюджетінің кірісіне, Ұлттық қордың жағдайына және теңге бағамына ықпал ететінін айтқан.

Әлемдік мұнай нарығындағы тұрақсыздық инфляцияға, инвестициялық белсенділікке және қаржы нарығына да әсер етуі мүмкін.

Қазақстанның 2026-2028 жылдарға арналған бюджетінде негізгі есептік көрсеткіш ретінде мұнайдың бір баррелі 60 доллар, ал АҚШ долларының бағамы 540 теңге деңгейінде белгіленген. Экспорттан түсетін кіріс пен мемлекеттік шығыстарды есептеу кезінде осы көрсеткіштер ескеріледі.

Ал 2027 жылға арналған бюджет жобасында мұнай бағасы барреліне 70 доллар болады деген болжам қарастырылған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш шамамен 18 халықаралық қаржы ұйымының ортақ болжамы негізінде есептелген.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары