Malim.kz
Экономика

Мұнай бағасы төртінші күн қатарынан қымбаттады

Айбын Атабай
Pixabay.com

Мұнай бағасы 19 тамыз, сәрсенбі күнгі таңғы саудада төртінші күн қатарынан өсті. Нарық қатысушылары АҚШ пен Иранның Ормуз бұғазының мәртебесіне қатысты қарама-қайшы мәлімдемелерінен кейін мұнай жеткізіліміне төнетін тәуекелдерді бағалап жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды. 

Brent маркалы мұнай фьючерстері 26 центке немесе 0,29 пайызға қымбаттап, барреліне 91,28 долларға жетті. WTI мұнайының бағасы 37 центке өсіп, 85,31 доллар болды.

Мұнайдың екі негізгі маркасы да алдыңғы сауда сессиясын 24 шілдеден бергі ең жоғары деңгейде аяқтаған.

Нарық АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың жақын арада реттелуіне қатысты үміттің әлсіреуіне байланысты мұнай жеткізілімі үзілмеуі жөніндегі тәуекелдерді төртінші күн қатарынан бағаға енгізіп отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Вашингтонның Тегеранмен келіссөз жүргізіп жатпағанын айтып, Ормуз бұғазы ашық екенін мәлімдеді. Ал Иран тарапы стратегиялық маңызы бар теңіз жолы кеме қатынасы үшін жабық күйінде қалғанын айтып отыр.

АҚШ пен Иран арасындағы уақытша атысты тоқтату туралы келісім дүйсенбі күні аяқталған. Иранның жоғары лауазымды шенеунігінің айтуынша, дипломатиялық тығырыққа байланысты ел қарсыласудың келесі кезеңіне өтіп жатыр. Дегенмен сейсенбі күні екі тарап арасында жаңа соққылар болғаны туралы ақпарат түскен жоқ.

Ормуз бұғазына қатысты белгісіздік мұнай тасымалдаушыларын балама бағыттарды іздеуге мәжбүр етуде. Ирак үкіметі бұғазды айналып өтіп, мұнай экспортын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жаңа механизмді бекітті. Бұл схема бойынша келісімшарттар 1 қыркүйектен бастап үш ай бойы күшінде болады.

Қақтығыс жағдайында тасымалдаушылардың әрекеті де өзгеріп жатыр. Reuters мәліметінше, екі ірі қытайлық теңіз тасымалдаушы компания мұнай танкерлерін Ормуз және Баб-эль-Мандеб бұғаздары арқылы жіберуді тоқтатқан.

Тасымалдаушылар оның орнына Парсы шығанағынан тыс аумақтарда мұнай жүктерін жинауға басымдық беріп отыр. Егер негізгі теңіз бағыттарындағы шектеулер сақталса, бұл мұнай жеткізу құны мен мерзімінің артуына әкелуі мүмкін.

Мұнай бағасына АҚШ-тағы қорлардың азаюы туралы мәліметтер де қолдау көрсетіп отыр. Америкалық мұнай институтының дерегінше, өткен аптада АҚШ-тағы шикі мұнай мен дистиллят қорлары төмендеген, ал бензин қоры өскен.

АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасы ресми статистиканы кейін жариялайды. Reuters сауалнамасына қатысқан сарапшылар 14 тамызда аяқталған аптада АҚШ-тағы мұнай қоры шамамен 600 мың баррельге азаяды деп болжап отыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары