Malim.kz
Экономика

Мұнай өндірісінде тым тәуір жаңалық бар

Айгүл Таңатар
https://www.interfax.ru

OPEC+ альянсына мүше жеті мемлекет қыркүйек айынан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне шамамен 188 мың баррельге арттыру туралы келісімге келді. Осылайша, ұйым 2023 жылы ерікті түрде енгізілген 1,65 млн баррельдік өндіріс шектеулерін кезең-кезеңімен алып тастау бағдарламасын толық аяқтайды. Өндіріс көлемін арттыратын елдердің қатарында Қазақстан да бар.


Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл шешім Сауд Арабиясы, Ресей, Қазақстан, Ирак, Кувейт, Алжир және Оманның қатысуымен өткен онлайн кездесуде қабылданған. Сонымен қатар OPEC+ 2026 жылдың төртінші тоқсанына арналған өндіріс саясаты бойынша әзірге шешім қабылдаған жоқ. Сарапшылар ұйым жаңа квоталарды бекітпес бұрын мұнай нарығындағы ахуалды бақылауды жалғастырады деп есептейді.


Қазақстан үшін бұл жаңалықтың экономикалық маңызы жоғары. Мұнай – ел экспорты мен бюджет кірісінің негізгі көздерінің бірі. Сондықтан өндіріс квотасының ұлғаюы экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда сарапшылар қазіргі геосаяси ахуалға, әсіресе Таяу Шығыстағы тұрақсыздыққа байланысты бұл шешімнің әлемдік мұнай бағасына қысқа мерзімде айтарлықтай әсері болмауы мүмкін екенін айтады. OPEC+ ұйымының келесі негізгі отырысы 6 қыркүйекке жоспарланған.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары