Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram-арнасы хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалды», - делінген ресми хабарламада.
Мұрат Мұханов 1985 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. 2006 жылы Қазақстан Республикасы ТЖМ Көкшетау техникалық институтын, ал 2020 жылы Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің Санкт-Петербург университетін тәмамдаған.
Ол азаматтық қорғау органдарында 2002 жылдан бері еңбек етеді. Әр жылдары мемлекеттік өрт бақылау саласында түрлі қызметтер атқарған. 2017 жылдан департамент бастығының орынбасары, 2020 жылдан Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болды. 2026 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалған.
Мұрат Мұханов II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.