Malim.kz
Саясат

Мұхтар Тілеуберді сыртқы істер министрі болып тағайындалды

Алуа Әшірбекова
Фото: ҚР СІМ

Қазақстан Президенті Мұхтар Тілеубердіні Сыртқы істер министрі етіп тағайындады. Ол бұған дейін бұл қызметті 2019-2023 жылдар аралығында атқарған болатын. 2026 жылғы 2 қыркүйектегі Президент Жарлығымен Мұхтар Тілеуберді бұрынғы қызметінен босатылып, еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшылығына қайта оралды, деп хабарлайды Malim.kz.

Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді - Қазақстанның дипломатиялық қызметінде ұзақ жыл еңбек еткен мемлекеттік қайраткерлердің бірі. Оның кәсіби жолы тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты қалыптасқан кезеңмен тұспа-тұс келді.

Ол Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары қызметтерін атқарып, халықаралық жағдай күрделенген тұста Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын жүзеге асыруға қатысты.

2023 жылдың тамызынан кейін Тілеуберді Қазақстанның Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі қызметін атқарды. 2026 жылдың шілдесінде де ол Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілі ретінде Венада қызмет еткен.

Білімі мен еңбек жолының басталуы

Мұхтар Тілеуберді 1968 жылғы 30 маусымда сол кездегі Шымкент облысы Сайрам ауданындағы Ақсу ауылында дүниеге келген.

1990 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін тәмамдаған.

Кейін Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдері институтында, сондай-ақ Оңтүстік Кореядағы Ёнсе университетінің Тілдер институтында тағылымдамадан өткен.

Мұхтар Тілеуберді қазақ, орыс, ағылшын және корей тілдерін меңгерген.

Университетті аяқтағаннан кейін біраз уақыт өзі білім алған оқу орнында философия тарихы және қытай филологиясы кафедраларында еңбек етті.

Дипломатиялық қызметке қалай келді?

Мұхтар Тілеуберді Сыртқы істер министрлігіндегі еңбек жолын 1993 жылы атташе қызметінен бастады. Кейін дипломатиялық қызметтің бірнеше сатысынан өтті.

1993-1996 жылдары Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Азия елдері басқармасында атташе, үшінші хатшы болды.

1996-1999 жылдары Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігінде үшінші және екінші хатшы қызметтерін атқарды.

1999-2001 жылдары СІМ-нің Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінде бірінші хатшы, кейін Екіжақты ынтымақтастық департаментінде бөлім бастығы болды. Сонымен бірге Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік хатшының халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды.

2001-2003 жылдары Қазақстанның Израильдегі елшілігінің кеңесшісі болды.

2003-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі қызметіне тағайындалды.

2004-2009 жылдары Қазақстанның Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. Кейін Индонезия, Бруней және Филиппиндегі елші міндетін қоса атқарды.

2009-2016 жылдары Қазақстанның Швейцариядағы елшісі қызметін атқарды. Сонымен бірге Лихтенштейн, Ватикан және Мальта орденіндегі дипломатиялық өкілдік міндеттері жүктелді.

Осы кезеңде Қазақстанның БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі болды.

2016-2019 жылдары Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Сыртқы істер министрлігін басқарған кезең

2019 жылдың қыркүйегінде Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы сәуірге дейін ол Сыртқы істер министрі қызметімен қатар Премьер-Министрдің орынбасары лауазымын да атқарды.

Бұл кезеңде Сыртқы істер министрлігі экономикалық дипломатияға басымдық беріп, шетелден тікелей инвестиция тарту мен қазақстандық бизнестің сыртқы нарыққа шығуына қолдау көрсету бағытындағы жұмысын күшейтті.

Тілеуберді министр болған жылдары Қазақстан АҚШ, Еуропалық одақ және басқа да негізгі серіктестермен саяси әрі экономикалық байланыстарды жалғастырды.

Ол АҚШ мемлекеттік хатшыларымен жоғары деңгейдегі келіссөздерге қатысып, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықты дамытуға қатысты дипломатиялық жұмыстарды жүргізді.

Венадағы дипломатиялық қызметі

2023 жылғы сәуірде Мұхтар Тілеуберді Сыртқы істер министрі қызметінен кетті.

Ал 2023 жылғы 14 тамызда Қазақстанның Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Сонымен бірге Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі қызметін атқарды.

Бұл қызметінде ол ядролық қауіпсіздық, қаруды таратпау, халықаралық қауіпсіздік пен Қазақстанның Австриямен екіжақты байланыстарын дамыту мәселелеріне басымдық берді.

2024 жылы Мұхтар Тілеуберді Австралия өкілі Иэн Биггспен бірге МАГАТЭ аясындағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияға - ICONS-2024 жиынына тең төрағалық етті.

2026 жылы ол Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы аясындағы кездесулерде Қазақстан атынан сөз сөйлеп, ядролық державалар арасындағы стратегиялық диалогты қайта жандандыру және жаппай қырып-жоятын қаруды қолдану қаупін азайту мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар Қазақстан мен Австрия арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық байланысты дамыту бағытында жұмыс жүргізді.

Сыртқы істер министрлігіне қайта оралуы

2026 жылғы 2 қыркүйекте Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып қайта тағайындалды.

Осылайша, үш жылдан астам уақыттан кейін ол өзі 2019-2023 жылдары басқарған ведомствоға қайта оралды.

Тілеубердінің дипломатиялық тәжірибесі отыз жылдан асады. Ол осы уақыт аралығында Азия мен Еуропада елшілік қызмет атқарып, БҰҰ, ЕҚЫҰ, МАГАТЭ секілді халықаралық алаңдарда Қазақстанның мүддесін қорғады.

Мұхтар Тілеуберді мемлекеттік қызметтегі еңбегі үшін «Парасат» орденімен және басқа да мемлекеттік, халықаралық марапаттармен наградталған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары