Malim.kz
Шоу-бизнес

"Намаз оқымай-ақ қояйыншы дедім": Алмат Сақатов Меккеде басынан өткен оқиғаны айтты

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

Танымал актер Алмат Сақатов журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында анасының өтінішімен Меккеге барған кезін еске алып, сол сапарда басынан өткен ерекше жағдайды баяндады. Өнер иесі қасиетті мекенге барған кезде намаз оқуды да, сүрелерді де білмегенін жасырмады, деп хабарлайды Malim.kz. 

Актердің айтуынша, бір күні анасы оны Меккеге апаруын сұраған. Ол кезде өзі діни тұрғыдан мұндай сапарға дайын болмаса да, анасының өтінішін орындауды жөн көрген.

"Бір күні анам маған "Мені Меккеге апар" деді. Өзім дайын емес едім. Бірақ апардым. Ешқандай сүре білмеймін. Әуежайға түскен кезде алғашқы намаз басталды. Сол кезде душтың ішіне тығылып отырдым. Өйткені ол жерде бәрі намаз оқиды ғой. Елестетіп көріңізші, бес мың адам намаз оқып жатқанда, бір адам душтың ішінде тығылып отыр", – деді актер.

Алмат Сақатов сол сәтте өзін ыңғайсыз сезініп, әрі қарай бұлай жүре алмайтынын түсінгенін айтты. Содан кейін өзінен кіші балалардан көмек сұраған.

"Әр намаз сайын тығылып отыра алмаймын ғой. Содан кішкентай балаларға барып, не істеуім керегін сұрадым. Олар мені танып, "Аға, анаңызды алып келіп жатырсыз, қалай білмейсіз?" деп таңғалды. Білмейтінімді айттым. Сөйтіп қолыма "Фатиха" мен "Ықылас" сүрелерін беріп, жаттауымды сұрады. Меккеге жеткенше екі сүрені жаттап алдым”, – деп еске алды ол.

Сұхбат барысында журналист актерден қазір намаз оқып-оқымайтынын сұрады. Алмат Сақатов бұл сұраққа жасырмай жауап берді.

"Жоқ, қазір намаз оқымаймын. Өтірік айтпаймын. Анам намаз оқиды. Мен оны Меккеге апардым. Сол жақта жүрген кезде бірде-бір намазды жібермей оқыдым. Елге келгеннен кейін де бір айдай намаз оқыдым", – деді ол.

Актер қасиетті Қағбаның жанында тұрған кезде Жаратқанға өзінің өмір салты мен қателіктері туралы іштей сыр ашқанын жеткізді.

"Қағбаның жанында тұрып, Алла Тағаладан: "Мен көп қателік жіберемін. Тойларда жүремін, ішімдік ішетін адамдардың ортасында боламын. Достарымның арасында да ішімдік ішетіндер бар. Осы намазды оқымай-ақ қояйыншы" деп сұрадым. Ол жерде өзіңмен өзің сөйлесесің ғой", – деді актер.

Оның сөзінше, елге оралғаннан кейін бір ай бойы намаз оқып, өзін сынап көрген. Алайда уақыт өте келе бұл әдетін тұрақты жалғастыра алмаған.

"Бір айдай оқыдым. Өзімді сынап көрдім. Бірақ кейін ақырындап тоқтата бастадым. Бір күні Фатима мешітіне барып, жұма намазынан кейін Құдайдан кешірім сұрадым. Осы жерден тоқтатайыншы дедім. Басқа адамға өтірік айтуың мүмкін, бірақ өзіңді алдай алмайсың ғой", – деп түсіндірді ол.

Сұхбаттың келесі бөлігінде Алмат Сақатов марқұм әкесін еске алып, кейде оның басына барып, іштей сырласатынын айтты.

"Әкемнің басына барамын. Сол кезде әкеммен сөйлесемін. Қиындықтарымды айтып, “Әке, осындай жағдай болып жатыр, не істеймін? Мынаны былай істесем қалай болады?" деп сұраймын. Сөйтіп ойланып отырғанда, жауаптар өзінен-өзі келгендей болады. Шын мәнінде, бұл – адамның өзімен жұмыс істеуі. Бірақ саған әкең айтып тұрғандай көрінеді", – деді актер.

Өнер иесі мұндай сәттерді өзінің ішкі ойларымен және естеліктерімен байланыстыратынын жеткізді.

"Енді халық мені біртүрлі болып кеткен екен деп ойлап қалмасын", – деп әзілдеді ол.

Актердің бұл әңгімесі оның діни сенімі, өмірлік ұстанымы және өз-өзіне адал болуға деген көзқарасын көрсетті.

Бұған дейін Malim.kz актердің шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарға үндеу жасағанын жазған еді. Алмат Сақатов өзге елдегі өмірді асыра мақтап, Қазақстандағы азаматтарды шетелге шақыра бермеуге кеңес берген. Оның айтуынша, шетелге жұмыс іздеп кеткен адамдардың көпшілігі мұндай шешімді тұрмыстық қажеттіліктен қабылдайды. Сондықтан ол елде қалған азаматтардың көңіліне қаяу түсірмеуге шақырған.

Алмат Сақатов кім?

Алмат Сақатов – қазақстандық театр және кино актері, әзіл-сықақ жанрында танылған өнер иесі. Ол Шығыс Қазақстан өңіріндегі бұрынғы Марқакөл ауданының тумасы. Әкесі – белгілі режиссер әрі актер, "Тамаша" театрының негізін қалаушылардың бірі Марат Сақатов.

Алмат Сақатов шығармашылық жолында "Бауыржан шоу" театрының құрамында өнер көрсетіп, көпшілікке кеңінен танылды. Кейін кино мен телехикаяларға түсіп, түрлі комедиялық және драмалық рөлдерді сомдады.

Сондай-ақ бір кезеңде "Таңшолпан" бағдарламасының жүргізушісі болды. Кейін актерлерді дайындайтын әзіл студиясын ашып, жас өнерпаздармен жұмыс істеді.

Өнер иесі отбасылы, жұбайымен 30 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келеді. Балалары мен немерелері бар. Бүгінде Алмат Сақатов шығармашылық қызметін жалғастырып, сұхбаттарында қоғам, отбасы, тәрбие және өмірлік құндылықтар туралы пікір білдіріп жүр.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары