НАТО Еуропада Ресеймен байланыстырылатын диверсиялық және гибридті әрекеттердің көбеюі мүмкін екенін ескертті. Еуропаның қауіпсіздік органдары алдағы айларда кибершабуылдар, диверсиялар және басқа да арандату әрекеттерінің күшеюін болжап отыр. Бұл туралы Welt am Sonntag дереккөздеріне сүйеніп хабарлады Malim.kz.
Welt am Sonntag мәліметінше, НАТО-ның жоғары лауазымды өкілі альянс Мәскеудің ақпараттық риторикасы қатая түсіп, Еуропадағы гибридті әрекеттер ауқымы кеңеюі ықтимал деп есептейтінін айтқан. Неміс қауіпсіздік органдары мұндай операциялардың негізгі ұйымдастырушысы ретінде Ресейдің әскери барлау қызметін — ГРУ-ды атайды. Ресей тарапы бұл айыптауларды жоққа шығарады.
Батыс қауіпсіздік құрылымдарының бағалауынша, мұндай әрекеттердің ықтимал мақсаттарының бірі — Еуропа қоғамында қауіп пен сенімсіздік туғызып, Украинаға көрсетілетін қолдауға қатысты қоғамдық пікірге ықпал ету. НАТО-ның Еуропадағы одақтас күштерінің жоғарғы қолбасшысы Алексус Гринкевич те қыркүйектің соңында диверсия, кибершабуыл және дрондармен байланысты оқиғалардың мақсаты Еуропаның Украинаға қолдау көрсетуге деген ерік-жігерін әлсірету болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Австрия барлау қызметінің бұрынғы басшысы Омар Хайяви-Пирхнер Кремльдің Еуропамен қарым-қатынасын ұзақ мерзімді «жүйелік қақтығыс» ретінде қарастыратынын айтады. Оның болжамынша, алдағы уақытта дрондардың заңсыз ұшуы, қорғаныс кәсіпорындары мен маңызды инфрақұрылым нысандарына бағытталған әрекеттер жиілеуі мүмкін.
Германияның Федералдық барлау қызметінің (BND) бұрынғы басшысы Герхард Шиндлер де гибридті қысымның мақсаты еуропалықтарды Ресеймен тікелей әскери қақтығыс қаупінен қорқытып, Украинаға көмектің қажеттілігіне күмән келтіру болуы мүмкін деген пікір білдірді. Оның пайымдауынша, Мәскеу Украинаға әскери қысыммен қатар Батыс елдеріне гибридті қысымды да күшейтуге тырысуы ықтимал.
Ал Ресейдің Германиядағы елшілігі Welt am Sonntag басылымына берген жауабында Мәскеудің диверсиялық әрекеттерге қатысы бар деген айыптауларды "негізсіз" деп атап, оларды жоққа шығарды.