Malim.kz
Білім-ғылым

Наурыздағы ҰБТ: 134 адам ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды

Сабина Асқарқызы
Ғылым және жоғары білім министрлігі

2026 жылғы наурыз айында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге 179 мыңға жуық талапкер қатысты. Олардың 75%-ы тесті қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, ал 157 адам ағылшын тілінде тапсырған, деп хабарлайды Malim.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тестілеу қорытындысы бойынша қатысушылардың 70%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш – 66 балл. Ең жоғары нәтиже – 140 балл.

Атырау облысының түлегі Кенесова Жазира төрт пәннен 90 балл жинап, ҚАЗТЕСТ сертификаты арқылы «Қазақ тілі» пәнінің нәтижесін конвертациялаған. Нәтижесінде оның жалпы балы 140-қа жетті.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде тапсырма мазмұны бойынша апелляцияға өтініш бере алады. Ал техникалық себептерге қатысты шағымдар тестілеу барысында бірден қабылданады. Бұл жолы 31 мыңнан астам өтініш түсті, оның ішінде 17 бірегей тест тапсырмасы бойынша талапкерлердің шағымдары қанағаттандырылды. Қазіргі таңда республикалық комиссия жұмысын аяқтап, сертификаттар талапкерлердің жеке кабинетіне жүктелді.

Пәндік комбинациялар арасында «Математика-Физика» бағыты ең көп таңдалған – 18,7%. Екінші орында «Биология-Химия» (16,5%), ал үздік үштікке 10,3% талапкер таңдаған «Шығармашылық емтихан» комбинациясы енді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін арнайы жағдай жасалып, нәтижесінде ҰБТ-ға 408 адам қатысты.

Тестілеу барысында 264 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 130 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестке жіберілмеді. Тағы 134 адам ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Басқа адамның орнына кіру фактілері анықталған жоқ.

Айта кетейік, 2026 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша бейнежазбалар 31 қазанға дейін тексеріледі. Егер ереже бұзу немесе тыйым салынған заттарды пайдалану деректері анықталса, тест нәтижелері жойылады.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары