Malim.kz
Шоу-бизнес

"Неге басқа салаға кетпедім деп ойлаймын'': Ақбота Керімбекова өнердегі әділетсіздік туралы айтты

• Алуа Әшірбекова
Фото: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Ақбота Керімбекова өнер саласындағы әділетсіздік, кәсіби білімі жоқ адамдардың сахнаға шығуы және бала күніндегі арманы туралы ашық айтты. Өнер иесі кейде басқа мамандық таңдамағанына өкінетінін де жасырмады. Бұл туралы әнші Айнұр Асанбердінің "Әңгіме бар" подкастында әңгімеледі, деп хабарлайды Malim.kz.

Сұхбат барысында Ақбота Керімбекова қазіргі шоу-бизнестегі жағдайға көңілі толмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, әр адам өз кәсібінің жауапкершілігін сезінуі керек. Әнші әсіресе арнайы музыкалық білім алмаған адамдардың танымалдықтың арқасында үлкен сахнаға шығып жүргеніне қынжылатынын айтты.

"Ер адам өз міндетін білсе, әйел жақ өз міндетін білсе, актер өз театрындағы міндетін білсе, бәрі орынды болар еді деген ой менде. Қазір актерлардың бәрі әнші, блогерлардың бәрі әнші. Дұрыс, өнері бар шығар. Кімнің жұлдыз болғысы келмейді? Әу демейтін қазақ жоқ қой. Бірақ қаншама жыл білім аласың, мұғалімдердің ұрысқанын естіп, таяғын жеп… Оңай емес өнерде оқу деген. Сөйтіп қаншама жылың еңбекпен, біліммен өтеді де, әшейін біреу келеді де, сен сахнаға шыққан кезде… Түсінесің, бірақ әділдік болмай қалған кезде налып кетемін", – деді әнші.

Өнер иесінің сөзінше, кәсіби әнші болу үшін табиғи қабілет жеткіліксіз. Бұл жолда ұзақ жылдар білім алып, ұстаздардың талабынан өтіп, үлкен еңбек ету қажет. Сондықтан сахнадағы еңбектің әділ бағалануы ол үшін маңызды.

Әңгіме барысында жүргізуші Айнұр Асанберді әншінің бала күнінде өнер адамы болуды армандамағанын еске салды. Ақбота Керімбекова мұны растап, бастапқыда спорт саласын таңдауға ниетті болғанын жеткізді.

"Иә, мен негізі еркек болып туылатын адаммын ғой. Ана баланы дүниеге әкеледі, бірақ мінез бен болмысты Алла ғана береді ғой. Кішкентайымнан еркекшора болып өскеннен бе, әкем мені ұл болады деп тілеген. Спорт саласында болғандықтан, мені кішкентайымнан спортқа баулыған. Физкультурныйға түсем деп армандағанмын. Сосын анам: "Қыз баласысың, мен жетпегенге сен жет", – деп, өнер жолына келдім. Жаңағындай әділетсіздіктерді көргенде, неге басқа салаға кетпедім деп ойлаймын", – деп ағынан жарылды Ақбота Керімбекова.

Осылайша, әнші бала күніндегі спортқа деген қызығушылығына қарамастан, анасының ықпалымен өнерді таңдағанын айтты. Ал қазіргі эстрададағы кейбір жағдайлар оның кәсіби өнерге деген көзқарасын қайта-қайта саралауға мәжбүр ететінін жеткізді.

Ақбота Керімбекова туралы не белгілі?

Ақбота Керімбекова – қазақ эстрадасының танымал әншісі, лирикалық әндерімен көпшілікке кеңінен танылған өнер иесі. Ол бала кезінен сахнаға шығып, кейін кәсіби музыкалық білім алған. Әншінің анасы Бибіажар Махамбетова да өнер саласында танылған, халық әндерін орындаған мәдениет қайраткері.

Ақбота Керімбекова Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде білім алып, кейін Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының музыкалық драма факультетінде оқыған. Ол жерде Кәукен Кенжетаев пен Рахилям Машурова сынды белгілі өнер қайраткерлерінен тәлім алып, актер мамандығын да меңгерген.

Әншінің репертуарында 300-ден астам ән бар. Оның ішінде "Аппақ гүлдер", "Қош, махаббат", "Бегімайдың жыры" секілді шығармалар тыңдарман арасында кеңінен танымал. Сондай-ақ Саят Медеуовпен бірге орындаған “Ақ шағала” әні де көрерменнің ықыласына бөленген.

Өнер жолында Ақбота Керімбекова тек әншілікпен шектелмей, мемлекеттік қызметте де еңбек еткен. 2021 жылы Шымкент қаласының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. Алайда шамамен алты айдан кейін қызметінен өз еркімен кеткен. Кейін әнші мемлекеттік қызметтің үлкен жауапкершілік жүктейтінін және шығармашылық еркіндікке үйренген өзіне әкімшілік жұмыс қолайсыз болғанын айтқан.

Ақбота Керімбекова бұған дейін де кәсіби музыкалық білім мен сахна мәдениеті мәселесін бірнеше рет көтерген. Ол өнерге кездейсоқ келген адамдарды сынап, әншілік мамандықтың ұзақ дайындық пен жауапкершілікті талап ететінін айтып жүрген өнер өкілдерінің бірі.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары