Malim.kz
Шоу-бизнес

"Неге екенін білмеймін": Төреғали Төреәлі Меккеде не айтты?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: instagram - toregalitoreali \ ЖИ арқылы өңделген

Әнші Төреғали Төреәлі жұбайы Толқын Тұрарбекқызымен бірге Меккеге барып, сапардан алған әсерін бөлісті. Өнер иесі Сауд Арабиясының отбасына несімен ұнайтынын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

News.qaz парақшасында жарияланған бейнежазбада әнші бұл елде демалыс пен құлшылықты қатар алып жүруге болатынын жеткізген.

"Негізі, шетелге түрлі жерлерге баруға болады ғой. Бірақ біздің отбасымызға, мына кісі екеумізге Саудия ұнайды. Неге екенін білмеймін. Бұл жерде демалып, қыдырып та жүресің, құлшылық жасап та жүресің. Сондай вайб бар. Біздің тілмен айтқанда, бір оқпен екі қоянды атасың ғой. Бәрі бар, бәрі бар", – дейді Төреғали Төреәлі.

Төреғали Төреәлі мен Толқын Тұрарбекқызы 2014 жылы шаңырақ көтерген. Қазір ерлі-зайыптының жеті баласы бар: үш ұл, төрт қыз. 2026 жылғы 7 сәуірде олардың жетінші перзенті дүниеге келді. Сәбиге Мәриәм есімі берілген. Бұл қуанышты жаңалықты әншінің өзі мен продюсері Жан Мұқанов хабарлаған.

Төреғали Төреәлі сөзінше, Толқын екеуі бұрыннан таныс болғанымен, бір кезеңде арадағы байланыс үзіліп қалған. Кейін Толқын әншіге бірінші болып хабарлама жазған.

Сол кезде Толқынның інісінің үйлену тойына Төреғалиді шақыру туралы әңгіме шығып, ол әншінің телефон нөмірін алған екен. Студияда отырған Төреғали келген хабарламалардың арасынан Толқынның сәлемін оқып, екеуі қайта араласа бастаған. Әнші бұл оқиғаның 2014 жылдың күзінде болғанын айтқан. Ал Толқын сол сұхбатта жұбайын әрдайым қолдайтынын жеткізген.

Төреғали Төреәлі кім?

Төреғали Төреәлі – қазақстандық эстрада әншісі, айтыскер ақын әрі актер. Толық аты-жөні – Төреғали Төреәліұлы Әлиханов. Ол 1992 жылғы 14 қазанда Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжінде актер мамандығы бойынша білім алған.

Өнердегі жолын айтыстан бастаған Төреғали кейін эстрадаға бет бұрды. Көпшілікке "Ұлы дала баласы" деген атпен танылды. Оның "Алло", "Бол жанымда", "Қазақ қызға үйленем", "Іздеме" секілді әндері тыңдарман арасында кең тараған. Әсіресе Ерке Есмаханмен бірге орындаған "Алло" әні танымалдығын арттырды.

Әншінің жұбайы – Толқын Тұрарбекқызы. Екеуі 2014 жылы шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыпты бүгінде жеті бала тәрбиелеп отыр. 2026 жылғы сәуірде дүниеге келген кенже қызына Мәриәм есімі берілген.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары