Malim.kz
Экономика

Несие бергенде, қарыз жүктемесін есептеу ережесі өзгереді

Айбын Атабай
Gov.kz

Қазақстанда 2027 жылдан бастап, жаңа көрсеткіш – қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициенті (КБК) енгізіледі.

Ол қолданыстағы көрсеткішпен, яғни қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентімен (БЖК) қатар пайдаланылады. БЖК ай сайынғы міндетті төлемдерді кірістің 50%-нан асырмайды.

Қаржы саласы мамандарының түсіндіруінше, КБК қарыз алушының барлық несие мен шағын несиелер бойынша жалпы берешегінің және жылдық табысының арақатынасын көрсетеді.

Ұлттық банк өкілінің сөзінше, бұл механизм халықтың төлей алмайтындай шамадан тыс несие алмауын және несие нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Жаңа ереже қалай жұмыс істеп, қарыз алушыларға қалай әсер ететінін кеңірек тарқату үшін R-Finance-тың кеңесшісі, экономист Арман Байғанов айтты. 

Сарапшының бағалауынша, жаңа құрал қазіргі бақылау жүйесін алмастырмайды, оны толықтырады.

– Борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) және қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициенті (КБК) – екеуінің арасында айырмашылықтар бар. БЖК ай сайынғы несие төлемдерін шектейді, яғни кірістің 50%-нан аспауын қамтамасыз етеді. Ал КБК жаңа несиелерді қоса есептеп, қарыздың жалпы мөлшерін көрсетеді. Қарыз алушылар, ең алдымен, БЖК-ге мән беруі тиіс. Себебі ол қалтаға түсетін салмақ жөнінде нақты ақпарат береді. Ал КБК – қосымша сүзгі. Ол жаппай шектеу қоймайды, бақылауды күшейтеді, – деп түсіндірді Байғанов.

Оның айтуынша, сегіз жылдық мөлшерінде бекітілген шек қазіргі экономикалық ахуалда айтарлықтай жұмсақ стандарт. Әйтсе де, көп жағдайда іс жүзіндегі несие жүктемесі ең жоғарғы шектен анағұрлым төмен болады. Бұған нарықтағы қарыз алу құны әсер етіп отыр.

– Меніңше, 8 жылдық айлық – бұл ақылға қонымды, айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Қазіргі пайыздық мөлшерлемені есепке алсақ, кез келген қарыз алушы бұл деңгейге жете бермейді. Несие мөлшерлемесі жоғары болғандықтан, тіпті 3-5 жылдық айлық кірісті алу да оңай емес. Сол себепті, 8 жылдық айлық мөлшері – жалпылай норма емес, ең жоғарғы шек болса керек, – дейді экономист.

Арман Байғановтың пікірінше, жаңа ережелер несие алу қолжетімділігін төмендетпейді. Бірақ борыш жүктемесі жоғары азаматтарға талапты қатаңдатуы мүмкін.

Сондай-ақ, Ұлттық банктің мәлімдеуінше, КБК-ны енгізу несие беруді күрт шектемейді. Ол азаматтардың борыш жүктемесі шамадан тыс артып кетпеуін және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары