Шымкент сотында марқұм Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. 4 тамызда Нұрайды алып қашып кеткен кезде келген тергеуші куәлік берді. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлайды.
Қаратау аудандық полиция бөлімінің бұрынғы тергеушісі Әбілғазы Артықбай Нұрайды алып қашқан кезде қоңырауға жауап берген. Сөзінше, ол 2025 жылы 5 қазанда кезекші болды. 21:00-21:30 шамасында қыз алып қашу дерегі бойынша шағым түсті.
“Аталған үйге келгенде, Нұрайдың екі ағасы күтіп алды. Үйде той атмосферасы болып жатты, қуанышты көңіл күй, адам көп, балалар ойнап жүрді. Нұрай отырған бөлмеге кірдік. Жанында кішкентай қыздар жүрді. Бәрінің шыға тұруын өтіндік. Одан бөлек сұрағанымызда, Шерханмен 3 ай қыз-жігіт боп сөйлескендерін айтты. Алматыдан өз еркіммен келдім деді. Адам көп болды”, – деді тергеуші.
Алайда Нұрайдың ағасы ол Шерханмен қыз-жігіт болмағанын бірнеше рет айтты.
Сөзінше, ол Нұрай мен Шерханды осыдан кейін Қаратау полиция бөлімшесіне алып кетті. Алайда ешқандай арыз-шағымы жоқ екенін түсініп, қайтарып жібергенін айтады.
Келесі күні прокуратурадан қоңырау түсіп, адам ұрлау ісі бойынша сұраған. Прокуратура туыстарының шағым түсіргенін және екі тарапты да қайта қамауға алуды талап еткенін хабарлады. Тергеуші ешқандай шағым болмағандықтан, оларды қайтарғанын айтыпты.
“Екі тарапты тағы да шақырттым. Нұрай әкесімен бірге прокурорға кірді. Әкесін шығарып, Нұраймен бөлек сөйлестік. “Тергеуші қысым көрсетті ме, не себепті кеше өз еркіммен келдім дедің” деп сұрадық. Ол “ағаларым айтты” деді. Сол үшін “қылмыстық құрам жоқ” деп істі қысқарттық”, – деді Артықбай.
Шағымданған ағалары болса да, тергеуші екеуінен түсініктеме алмаған екен. Айтуынша, қыздың өзінен шағым түспеген соң, қажеттілік жоқ деп санады.
Әрі жағдайды басшыларына баяндамаған көрінеді.
“Қолхат көзімше жазылмады, оны ұйінде жазған. Әрі полиция бөлімшесінде Нұрай 10-15 минут болды, сосын Шерханмен сөйлестік. Одан кейін қайтадан Нұраймен сөйлесіп жауаптарын видеоға түсірдік. 1 сағат өтті”, – деді ол.
Адвокат қорытындыда видеодағы Нұрайдың сөздері жаттанды деп көрсетілгенін айтып, кім сөзін жазып бергенін сұрады. Алайда тергеушіі ештеңе айтпағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол сол кездегі өз әрекетін заңды деп таниды.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.
Айыптау актісі қандай?
Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.
Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.
Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.