Malim.kz
Құқық

Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікті жындыханаға жатқызылды

Айбын Атабай
Ішкі істер министрлігі

Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті психикалық орталыққа ауыстырылған. Марқұмның туыстары шешімге күмән келтіріп, күдіктінің “жынды” деп танылуы жазадан құтылудың амалы болуы мүмкін екенін айтады. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz  Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Нұрай Серікбайды айуандықпен өлтірді деген күдікті психикалық орталыққа жатқызылды. Бұл туралы марқұмның жақындары мәлімдеді. Олар сап-сау адамның аяқ асты жынды болып қалуы жазадан сытылып кетудің амалы деп топшылайды. 

Марқұм Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай медициналық анықтама берген дәрігерлерді тексеру керек деп талап етті.

"Біріншісі Шымкентте қаралған еді. Сондағы анықтамада психикалық ауытқуы байқалған деп жазып берген. Біз оған сенбей, Алматыға сараптама талап еттік, ол жаққа барды күдікті, ол жақта да осындай анықтама берді. Енді бұл жерде симуляцияның максималды белгілері көрініп тұр. Өйткені қылмыскер кәдімгі ортада өмір сүріп жүрген адам, кәдімгі сау адам. Естігенім бойынша қазір қылмыскер Шымкент қаласында емес. Ол Талғардағы психикалық емдеу орталығында", – деді Сұлтан Серікбай.

Әзірге құзырлы орган өкілдері осы жайтқа қатысты ресми ақпарат таратқан жоқ.

Еске салайық, қаңтар айында Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатігездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғанын марқұмның туыстары түсінбей отыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары