Іс материалдарындағы Нурай Серикбайдың қатысуымен түсірілген видеоны таратқан полиция қызметкерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеп.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде бейнежазба тараған болатын, оны, болжам бойынша, Шымкент қаласының бұрынғы полиция қызметкерлері жариялаған.
Жазбада Нурай Серикбай өзін мәжбүрлеп тұрмысқа шығару мақсатында ұрлап әкетпегенін және сол күні күдіктіге өз еркімен көлікке отырғанын айтады. Сондай-ақ видеода Нурайдың аталған ер адамға қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізгені көрінеді. Бұдан бөлек, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында бұрынғы полиция қызметкерлері өздерінің жұмыстан шығарылуын әділетсіз деп атады.