Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты қылмыстық іс әлі де Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі Алматы қалалық прокуратурасына сүйеніп жазыпты.
Прокуратураның КазТАГ агенттігіне берген ресми жауабында:
- «Қылмыстық істі тергеу Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне берілді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы талаптарына сәйкес, тергеу туралы өзге деректер сотқа дейін жария етілмейді», -
делінген.
Істің мән-жайы
Нығматулиндер отбасы 2025 жылдың 7 қаңтарында жаңа айыптауларға байланысты тағы да назарға іліккен еді. Олардың - президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қызметтен тайдыруға дайындалды деген күдікке іліккені туралы ақпарат тараған. Мұндай тұжырым бизнесмен Қанат Әміркиннің мәлімдемесінен кейін пайда болды. Ол өз меншігіндегі «Алатаудорстрой» кәсіпорнын Нұржан Нұрланов рейдерлік жолмен тартып алуға әрекеттенді және ақша бопсалады деп айыптаған.
1 сәуірде КазТАГ Нұрлановқа қатысты рейдерлік бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Алайда 9 сәуірдегі ақпаратта оның күдікті ретінде танылмағаны айтылды.
Бұл жағдайға пікір білдірген Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи:
- «Бұрынғы спикердің ұлын рейдерлік іс бойынша күдікті деп танымай қою — тиісті органдардың кемшілігі», -
деген болатын.