Malim.kz
Оқиға

“Ойнап жүріп өзенге құлап кеткен”: Ел оңтүстігінде бесінші күн баланың денесі іздестіріліп жатыр

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Түркістан облысының Келес ауданында сегіз жастағы баланың денесін іздеу жұмыстары жалғасуда. Анасының айтуынша, 23 наурыз кешінде бала ойнап жүріп Келес өзеніне құлап, суға батып кеткен, деп хабарлайды Malim.kz.

Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, күштік құрылым қызметкерлері, әкімдік өкілдері, сондай-ақ марқұмның туыстары мен еріктілер жұмылдырылған.

«Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы Келес өзенінің арнасын Абай және Жүзімдік ауылдары маңында 42 шақырым бойы арнайы ілгектер мен арқандардың көмегімен тексеруде. Еріктілермен бірлесіп Жүзімдік және Қызыләскер ауылдарынан Ғ. Мұратбаев атындағы ауылға дейінгі аумақ қаралуда. Қазіргі таңда өзеннің беткі бөлігінде 15 шақырым, ал су астында ТЖМ сүңгуірлерінің қатысуымен 900 метр тексерілді», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Шымкент қалалық ТЖД жедел-құтқару жасағы Лесбекбатыр елді мекенінен Сырдария өзеніне дейінгі 9 шақырым аумақта жүзу құралдарының көмегімен іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Келес өзені мен Сырдария жағалауы бойымен жалпы ұзындығы шамамен 55 шақырым аумақ бес дронның көмегімен тексерілуде. Іздеуге эхолот құрылғылары мен 8 жүзу құралы да тартылған.

«Іздеу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында су деңгейін төмендету шаралары қабылданды. 28 наурызда Қазығұрт ауданындағы шлюз жұмысы тоқтатылды, ал 29 наурызда Өзбекстан Республикасындағы “Зах” каналының шлюзі жабылды. Бұл да су деңгейінің төмендеуіне ықпал етуде. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда және бақылауда. Барлық жұмылдырылған қызметтер қажетті шараларды қабылдап жатыр», – деп толықтырды министрлік.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары