Этнодизайнер Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай ұлттық бұйымдарды жаңаша жасауда өнер иелерінің еркіндігін шектемеу керек деп санайды. Ол "Qazaq Creative" бағдарламасында ою-өрнектің мәні мен тарихи мұраны заманауи өнерде қолдану туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
"Qazaqstan" телеарнасының Instagram парақшасында жарияланған үзіндіде маман ою-өрнектің өзіне тән қолданысы бар екенін атап өткен. Оның айтуынша, халықтың дүниетанымы мен болмысы өнерінен де көрінеді.
"Ою-өрнекке жай ғана сурет ретінде қарауға болмайды. Оның өзіндік қолданыс логикасы бар. Көшпенді халықтың еркін дүниетанымы мен болмысы өнерінен де көрініс табады", – деді этнодизайнер.
Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай тарихи мұраны сол күйінде қайталауды немесе оның бір-екі элементін заманауи бұйымға қосуды міндетті шарт деп есептемейді. Оның пікірінше, әр дизайнер мен кәсіпкер өз бағытын таңдап, сол еңбегін бағалайтын тұтынушысын табады.
"Өнерді шектемегеніміз сияқты, тарихты шектемеген дұрыс деп есептеймін", – деді ол.
Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай кім?
Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдар жасаумен айналысады. Ол 2020 жылы The Village Қазақстан басылымына берген сұхбатында Шымкенттегі «Өрнек» ұлттық өнер орталығының жұмысы туралы баяндаған. Шеберханада әшекейлер, ұлттық киімдер, бас киімдер және тарихи үлгілерге сүйенген бұйымдар жасалған.
Сол сұхбатында ол ата-анасының кәсіби суретші екенін, ал құйма зергерліктің қыр-сырын әкесінен үйренгенін айтқан. Сондай-ақ бұйым әзірлегенде ою-өрнектің қолданысын этнографтармен, тарихи сәйкестігін тарихшылармен ақылдасатынын жеткізген. Бұл оның шығармашылығында ізденіс пен ұлттық мұраны танудың қатар жүретінін көрсетеді.