Malim.kz
Шоу-бизнес

"Ол не үшін керек?": Жайна Сламбек әйелдерге қойылатын сұлулық талаптарын сынға алды

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

Танымал тележурналист Жайна Сламбек әйел сұлулығына қатысты қоғамда қалыптасқан түсініктер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Журналист "Ой тұмар" бағдарламасында XXI ғасырда әйелдердің сұлулығын белгілі бір қалыпқа салу туралы әңгімені жек көретінін айтты. Ол қазіргі заманда әйелдерге ортақ сұлулық өлшемін белгілеудің қаншалықты қажет екеніне күмән келтірді.

Тележүргізушінің бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Белгілі тележурналист Айгүл Мүкей де әріптесінің сөзін қолдап, қоғамда түрлі байқаулар мен жарыстардың шамадан тыс көбейгенін сынға алды.

"Жайна, пікіріңмен толықтай келісемін. Жалпы, елімізде түрлі байқаулар, конкурстар, марапаттар тым көбейіп кеткен. Әсіресе, балаларды кішкентайынан үнемі жарысуға, бір-бірінен озуға, жүлде алуға бейімдейтін үрдіс маған ұнамайды", – деп жазды Айгүл Мүкей.

Жайна Сламбек те әріптесінің пікіріне жауап берді.

"Иә, бітпейтін байқау, жарыс. Озғымыз келеді де тұрады. Озатын дүние басқа екенін ұмыттық", – деді журналист.

Ал Бақыт Тұрман бұл мәселеге қатысты өзгеше пікір білдірді. Ол сұлулықтың белгілі бір өлшемі бар екенін жоққа шығармайтынын, алайда ерекше көрікті болудың да өзіндік қиындықтары кездесетінін жеткізді.

"Десек те, сұлулықтың стандарты бар, барлық адам әдемі деп айту – ол қиял. Мінсіз сұлулық та бақ сияқты, ол бар немесе ол жоқ. Ол адам да кінәлі емес қой, сұлу боп жаратылғанына. Еркектерде де бар келбеті жарасқан. Бірақ бұл медальдың бір жағы ғана. Өмірде тым әдемі болу – ол қасірет дер едім! Тек байқауда ғана сені алға алып шығуы мүмкін, қалған уақытта кері әсері тиіп қалуы мүмкін!" – деп жазды Бақыт Тұрман.

Осылайша журналистің көтерген мәселесі әйел сұлулығын бағалау, сыртқы келбетке қойылатын талаптар және адамдарды бір-бірімен салыстыру төңірегінде пікірталас тудырды.

Жайна Сламбек кім?

Жайна Сламбек – қазақ тележурналистикасының көрнекті өкілі, тележүргізуші, медиаменеджер және ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың авторы.

Ол 1974 жылғы 12 қарашада Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Қуаңдария ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған.

Еңбек жолын 1996 жылы "Хабар" агенттігінде тілші болып бастаған. Кейін комментатор, тележүргізуші, атқарушы продюсер және ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларға жауапты дирекция басшысы қызметтерін атқарған.

• 2014–2019 жылдары "Астана" телеарнасындағы "Біздің уақыт" бағдарламасын жүргізіп, оның авторы болды.

• 2019 жылы "Qazaqstan" ұлттық телеарнасына ауысып, елдегі маңызды саяси, экономикалық және әлеуметтік оқиғаларды саралайтын "Апта" бағдарламасын қолға алды.

• 2022 жылдың сәуірінде "Хабар" телеарнасының директоры болып тағайындалып, бұл қызметті 2023 жылдың қарашасына дейін атқарды. Кейін "Апта" бағдарламасына қайта оралды.

Жайна Сламбек отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар марапатқа ие болған:

• 1999 жылы – Қазақстан Журналистер одағының сыйлығы;

• 2019 жылы – Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығы;

• 2020 жылы – "Тұмар" ұлттық телевизия сыйлығының «Жылдың үздік тележүргізушісі» аталымы;

• 2021 жылы – "Құрмет" ордені;

• 2021 жылы – Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы сыйлық.

Отыз жылға жуық журналистік тәжірибесі бар Жайна Сламбек кәсіби шеберлігімен, өткір сауалдарымен және қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтеруімен көпшілікке танылған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары