Malim.kz
Шоу-бизнес

"Өлеңді Айсұлуға арнаса, мен әнді саған арнадым": Заттыбек кімге сезімін білдірді?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Заттыбек Көпбосынұлы жұбайының туған күніне орай ерекше құттықтау жариялады. Өнер иесі Instagram парақшасында екеуінің бірге түскен суретін бөлісіп, жарына деген сезімін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Әнші теңіз жағасында жұбайымен бірге түскен фотосын жариялаған. Жазбасына «Жақсы көрем мен сені» деген өлең жолдарын қосып, сүйіктісін туған күнімен құттықтаған.

"Туған күніңмен! Қалқаман Сарин өлеңді Айсұлуға арнаса, мен әнді саған арнадым", – деп жазды Заттыбек Көпбосынұлы.

Көптен күткен перзенттері

Заттыбек Көпбосынұлының отбасында Айзере есімді қызы мен Бихан есімді ұлы бар. Өнер иесі сұхбаттарында әке атануды ұзақ күткенін айтқан. 2018 жылы ұлы дүниеге келгенде, бұл қуанышты өзімен бірге тілеулес жұрт та күткенін жеткізген. Сол кездегі сұхбатында әнші тұңғыш қызы шаңырақ көтергендеріне он жыл болғанда туғанын, одан кейін ұл сүйгендерін баяндаған.

Қызының есімін қоюдың да өзіндік тарихы бар. Заттыбек Торайғыров университетінің сайтында жарияланған сұхбатында Айзере есімін Абайдың әжесі Зеренің құрметіне таңдағандарын түсіндірген. Оған "ай" сөзін қосып, қыздарын Айзере деп атаған.

Ал ұлы Биханның атын әпкесі қойған. Әншінің "Мархабат" бағдарламасында айтуынша, қызы інісі дүниеге келмей тұрып-ақ оның есімін өзі таңдауға ниет білдірген. Өнер иесі ұлының музыкаға ынтасы бар екенін де айтқан. Дегенмен баланы ерте жастан қинамай, қабілетін жасына қарай дамытуды жөн көретінін жеткізген.

Заттыбек өзін балаларына жұмсақ қарайтын әкелердің қатарына жатқызады. "1001 түн" бағдарламасында ол жұмысынан қолы босағанда перзенттерімен ойнап, олардың көңіл күйі мен қажеттілігін түсінуге тырысатынын баяндаған.

Заттыбек Көпбосынұлы кім?

Заттыбек Көпбосынұлы – әнші, композитор, көпшілікке "Ақмаржан" әнімен танылған өнер иесі. Ол 1974 жылы қазіргі Түркістан облысының Бәйдібек ауданына қарасты Кеңес ауылында дүниеге келген. Он балалы отбасында өскен әнші – үйдің сегізінші перзенті.

Өнер жолын 1995 жылы Бәйдібек ауданындағы "Шалдар" балалар саз мектебінде мұғалім болып бастаған. Кейін мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметін атқарып, "Шаншар" театрында өнер көрсеткен. Шымкенттегі мектептерде музыка мен домбырадан сабақ берген.

2001 және 2005 жылдары республикалық "Шалқар термесі" байқауының лауреаты атанған. 2008 жылдан бастап жеке шығармашылығына ден қойған. Оның "Ақмаржан", "Немерем" секілді туындылары тыңдарманға кеңінен таныс.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары