Алматылық Виктор Каширский қалай 67 жасқа келіп, жаңа саланы меңгергені мен өмірінің жаңа кезеңі жайлы Malim.kz тілшісіне әңгімелеп берді.
Кофе дайындауға кейіпкерімізді қызы Виктория көндірген. Ашылғанына бір жылдан сәл асса да, кофехананың тұрақты клиенттері көп. Біз де «папа» жайлы сол клиенттерден естіп, ел мақтаған ерекше дәмді кофені ішіп көрдік.
«Отбасылық #папавариткофе деп аталатын кофеханамыздың ашылғанына көп бола қойған жоқ. Бұған дейін құрылысшы болып қызмет еттім. Қызым келіп, «Кофе дайындаушы боласың ба?» деп сұрағанда, бұл біраз намысыма тиіп кетті. Шыны керек, алғашында ас үйде жүріп, біреуге қызмет ету туралы ойлаудың өзі қиын болды.
Рас, алғашында даяшылық – мен үшін бір қорлықтай көрінді, өзіме мұны жарастыра алмадым, совет адамы болғандықтан да шығар. Бірақ ақыры келістім. Қазір қуанамын, тіпті көп құрдастарымның, тіпті жастардың өмір сүру құлшынысын оятуға әсер етіп жүргенімді ойласам, бойымды мақтаныш кернейді.
Зейнет – өлімге дайындық. Ал мен өлгім келмейді
Қоғамда алпыстан ассаң, зейнетке кетуің керек деген таптаурын бар. Кейде бірінші рет келген клиенттер шашын ақ басып, сақалын сипаған қартты қызметте көріп, таң қалып жатады. Біздің менталитет үшін бұл әлі таңсық. Алайда қайдан екені есімде жоқ, «Зейнет – өлімге дайындық» дегенді оқығаным бар. Ал мен әзірге өлгім келмейді. Оның үстіне зейнетақым – 120 мыңға жетер-жетпес, балалардың қолына қарамай, өз отбасымды өзім асырағым келеді. Баланың өзі асырауы керек отбасы бар, өз шығыны бар. Менің де өзімді асырауға шамам жетіп тұрғанда, артық жүк болудың мәні не?...
Клиенттеріміз қарнын емес, жанын тойдыру үшін келеді.
Оның үстіне істеген жұмысыңның, жаныңды салып дайындаған кофеңнің шын бағасын беріп, оны ләззат ала ішетін клиенттерім бар. Олардың осы эмоцияларын көргенде, құлшынысың арта түседі. Олар тек кофе ішуге келмейді, осы күнге дейін он шақты кітап жазып шығаруға болатын оқиғамен танысып үлгердім. Клиенттеріміз қарнын емес, жанын тойдыру үшін келеді. Ұзақ әңгімелесеміз, нарды ойнап, кейде олардың мәселелерін шешуге де тырысамыз (күліп).
Біз, менің замандастарым, жұмыс істеп үйренгенбіз, бір орында отыру қиын. Сондықтан болса керек, зейнет жасы таяғанда тыпыршып, не істерін білмей қалып жатады. Бастысы – өмір сүруге деген құлшыныс, соны жоғалтып алмау керек. Сонша жыл әскери өнеркәсіп саласында жүрдім, құрылысшы болдым. Одан кейін ас үйге иелік ету – расында, өте қызық тәжірбие. Жаңағы айтқан құлшыныстың арқасында, қайта бірнеше жылға жасара түскендеймін.
Папаның мақтаулы кофесінің дәмі, шынында, керемет. Біз кофеханада болған екі сағат ішінде авторлық кофені сұрап, кофе дайындаушы кейіпкерімізді құшақтап, мақтауын асырып кеткендер де аз болмады.