Malim.kz
Спорт

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Миланда күтпеген адаммен көзге түсіп, елді таңғалдырды (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Andy Cheung/Getty Images. Суретте: Михаил Шайдоров

Милан қаласының қақ ортасында ерекше кездесу өтті: танымал америкалық рэпер Snoop Dogg пен 2026 жылғы қысқы Олимпиада чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жүздесті, деп хабарлайды Malim.kz.

Кездесудің видеосы 18 ақпан, сәрсенбі күні әлеуметтік желіде жарияланды. Кадрларда Снуп Догг пен Шайдоров бір-бірімен амандасып, қол алысып, фото және видеоға түседі. Қысқаша әңгімелескен соң, екеуі Милан кафедралды соборының (Duomo di Milano) алдында билегенсіп, бір-біріне ықыласын білдіреді.

Снуп Догг ақ түсті спорттық киіммен көрінсе, Шайдоров мойнына алтын Олимпиада медалін тағып шыққан.

Бұған дейін АҚШ Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитеті (USOPC) рэпердің Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін ойындарға ұлттық құрама құрамында қатысатынын хабарлаған. Ұйымның мәліметінше, ол Олимпиада құрамасына алғашқы құрметті жаттықтырушы ретінде қосылады. Бұл – спорт алаңынан тыс жерде америкалық спортшыларды қолдап, жігерлендіруге бағытталған ерікті қызмет.

Еске сала кетейік, Италияның Кортина-д’Ампеццо мен Милан қалаларында 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары 22 ақпанға дейін өткізіледі.

Айта кету керек, Snoop Dogg бұған дейін 2024 жылғы Париж Олимпиадасында алау алып, негізгі құрамда шыққан. Ол жазғы ойындардың отын Сен-Дени қаласында алып өткен.

Ал Михаил Шайдоров Италияда өткен қысқы Олимпиадада ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиададағы екінші алтын жүлде және мәнерлеп сырғанаудағы тұңғыш алтын. Бұған дейін 1994 жылы Владимир Смирнов ел қоржынына алғашқы алтынды салған еді.

Сонымен қатар Қазақстан үшін мәнерлеп сырғанаудағы ең үздік нәтиже 2014 жылы марқұм Денис Теннің еншісіндегі қола медаль болатын.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары