Malim.kz
Спорт

Олимпиаданың жүлдесін жеңіп алған спортшы әйеліне опасыздық жасағанын айтып, эфирде одан кешірім сұрады (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
AP Photo / Andrew Medichini

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары аясында норвегиялық биатлоншы Стурла Холм Легрейд жеке жарыста қола жүлде иеленген соң жеке өміріне қатысты тосын мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Malim.kz.

NRK басылымының жазуынша, 28 жастағы спортшы журналистерге берген сұхбатында бірнеше ай бұрын сүйіктісіне опасыздық жасағанын және бұл туралы бір апта бұрын өзі мойындағанын айтты.

"Алты ай бұрын өмірімдегі махаббатымды кездестірдім... ал үш ай бұрын ең үлкен қателігімді жасап, оған опасыздық жасадым. Бір апта бұрын бәрін айтып бердім. Бұл – өмірімдегі ең ауыр апта болды", – деді Легрейд жарыстан кейін.

Ол соңғы күндері спорт екінші орынға ығысқанын да жасырмады.

Кейін марапаттау рәсімінен соң спортшы бұл туралы әдейі ашық айтуға шешім қабылдағанын түсіндірді.

"Енді бүкіл әлем білсе де, бәрібір. Егер оған оны қаншалықты жақсы көретінімді жеткізудің титтей де мүмкіндігі болса, тіпті бұл эфирде мені "жойса" да, мен дайынмын", – деді ол.

Бұл қола медаль – Легрейдтің Олимпиададағы алғашқы жеке жүлдесі. Жеке жарыста ол отандасы Йохан-Олав Ботн мен француз спортшысы Эрик Перроға есе жіберді.

Бұған дейін Легрейд Пекин Олимпиадасында эстафетада алтын медаль жеңіп алған. Сондай-ақ ол жеті дүркін әлем чемпионы және Әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше мәрте жеңімпазы атанған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары