Үкімет басшысы Олжас Бектенов бюджет есебінен іске асатын жобаларды келісімшартта көрсетілген соманың көлемінде ғана қаржыландыруды тапсырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне өз міндеттемелерінің орындалуына талдау жасап, үнемделген қаражатты неғұрлым басым міндеттерге немесе Үкімет резервіне қайта бағыттауды тапсырамын. Әкімдіктер бюджеттегі артық қаражатты даму бюджетін кеңейтуге пайдалана алады. Бұл ретте бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жобалардың қымбаттауына жол бермей, оларды шарттық сомалары шегінде жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тиіс, - деді Премьер-министр үкімет отырысында.
Сондай-ақ ол министрліктер мен әкімдіктерге жылдық мерзімде қаржыландырылмаған құрылыс-монтаж жұмыстарының сатып алу рәсімдерін бастамауды тапсырды.
- Қаржы министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, мемлекеттік бюджет кірістері бойынша жоспарлы көрсеткіштерді қамтамасыз етуді тапсырамын.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осы жылдың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық ресурстарды жұмылдыруға тиіс, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, бүгін Үкіметте 11 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралып жатыр.