Қазақстан өңірлерінде теміржол вокзалдары жаңартылып, жаңа мектептер мен балабақшалар пайдалануға берілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында өңірлерде көлік инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа оқушы орындарын ашу және мектепке дейінгі білім беруге қолжетімділікті арттыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Абай облысында Шар, Үшбиік, Жарма және Жалаңашкөл стансаларындағы төрт теміржол вокзалы күрделі реконструкциядан кейін қайта ашылды. Нысандардың аумағы кеңейтіліп, жаңа перрондар мен платформалар салынған. Сондай-ақ күту залдары жаңартылып, қозғалысы шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалды.
Ақтөбе облысында 1905 жылы салынған Жем теміржол вокзалы да реконструкциядан кейін пайдалануға берілді. Вокзалдың аумағы 387,5 шаршы метрден 421,2 шаршы метрге дейін ұлғайып, инженерлік желілері, шатыры, қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылды.
Өңірде жаңа оқу жылына орай жеті мектеп ашылды. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында, екеуі Темір ауданында, тағы екеуі Мұғалжар және Мәртөк аудандарында орналасқан. Биыл облыстағы 449 мектепте 194 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр.
Алматы облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4,2 мың орынға арналған бес жаңа мектеп ашылды. Бұдан бөлек, 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді.
Түркістан облысында тоғыз жаңа мектеп пен қосымша ғимарат ашылды. Сонымен бірге күрделі жөндеуді қажет ететін 115 мектепті жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл өңірде 50 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды.
Ұлытау облысының Мыңадыр ауылында 80 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нысан Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты, соның ішінде заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен салынған. Мектепте 18 сынып, робототехника кабинеті, спорт залы, футбол және баскетбол алаңдары бар.
Ал Алматы қаласында 120 және 160 орындық екі жаңа балабақша ашылды. Мекемелер интерактивті тақталармен, цифрлық құрылғылармен, спорт және музыка залдарымен, қазақ тілі және психолог кабинеттерімен жабдықталған.