Malim.kz
Экономика

Онлайн-несие алу қиындады: Банктер қазақстандықтарға 7 жаңа сұрақ қоя бастады

• Мадияр Қапанбек
Банк картасы. Көрнекі фото: pexels.com

Қазақстанда 1 қазаннан бастап онлайн-несие рәсімдеу кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары клиенттерден арнайы сауалнама ала бастады, деп хабарлайды Malim.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, жаңа талап кепілсіз онлайн-қарыз алатын жеке тұлғаларға қатысты қолданылады.

Жаңашылдықтың негізгі мақсаты – алаяқтардың ықпалымен несие рәсімдеудің алдын алу. Қаржы ұйымдары клиенттің қарызды өз еркімен алып отырғанын немесе үшінші тұлғалардың қысымына түскенін анықтауға тиіс.

Сауалнама барлығы жеті сұрақтан тұрады. Клиенттен несиені кім ұсынғаны, оны өз бастамасымен немесе басқа адамның өтініші бойынша рәсімдеп жатқаны сұралады.

Сондай-ақ қарыздың қандай мақсатқа алынатыны, шарт талаптарымен танысқан-таныспағаны, әлдекімнің асықтырып немесе қысым жасап жатқаны анықталады.

Бұдан бөлек, клиентке несие рәсімдеу фактісін банк қызметкерлерінен немесе туыстарынан жасыру туралы кеңес берілген-берілмегені де сұралады.

Тағы бір маңызды сұрақ – бұған дейін азаматқа "ақшаны қорғау" немесе "шоттағы операцияларды тексеру" деген желеумен белгісіз адамдар хабарласқан ба, жоқ па.

Егер сауалнама нәтижесінде алаяқтық белгілері байқалса, банк немесе микроқаржы ұйымы қосымша тексеру жүргізеді. Клиентке ықтимал қауіптер туралы тағы да ескертіледі.

Тексеру қорытындысы бойынша қаржы ұйымы несие беруге келісуі, шарт жасауды уақытша тоқтатуы немесе өтінімді толығымен кері қайтаруы мүмкін.

Жаңа тәртіп азаматтарды әлеуметтік инженерия мен телефон алаяқтығы арқылы рәсімделетін несиелерден қорғауға бағытталған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары