Malim.kz
Экономика

Оңтүстік Корея үкіметі биыл ең жоғары экономикалық өсім күтіп отыр. Құпиясы неде?

Айгүл Таңатар
Ашық дереккөз

Оңтүстік Корея үкіметі кеше ел экономикасына қатысты жаңартылған болжамын жариялап, 2026 жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгейге жетуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлады Malim.kz.

Ресми Сеулдің есебіне қарағанда, өсімнің негізгі қозғаушы күші жасанды интеллект технологиялары мен жоғары өнімді жартылай өткізгіштер өндірісі болмақ.

Елдің Қаржы министрлігі жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға, деректер орталықтарын кеңейтуге және чип өндірісіне инвестицияны жеделдететінін хабарлады. Билік мұндай қадам әлемдік технологиялық бәсекеде Оңтүстік Кореяның позициясын нығайтып, экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді. Samsung Electronics пен SK Hynix сияқты ірі компаниялардың жаңа инвестициялық жобалары да осы стратегияның маңызды бөлігі саналады.

Елдің экономика және қаржы министрі Ку Юн Чхолдың журналистерге берген түсініктемесінде: «Біз жасанды интеллектке инвестиция салуды жеделдетеміз және экономиканың өсу әлеуетін күшейтуге күш саламыз» деді. Бұл мәлімдеме үкіметтің экономикалық саясатының алдағы кезеңдегі басым бағытын көрсетіп берді.

Мамандардың болжауынша, әлемдік экономикада геосаяси тәуекелдер сақталғанымен, жоғары технологиялар нарығындағы сұраныстың артуы Оңтүстік Кореяға жаңа мүмкіндік ашып отыр. Егер жоспарланған инвестициялар толық жүзеге асса, ел жасанды интеллект индустриясындағы жаһандық көшбасшылардың бірі ретіндегі орнын одан әрі күшейтуі ықтимал.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары