Malim.kz
Экономика

ОПЕК+ мұнай өндіру көлемін арттыруды көздейді

Сабина Асқарқызы
istockphoto.com

ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемін тағы да ұлғайтуға келісті. Алдын ала жоспар бойынша, маусым айында өндіріс тәулігіне 188 мың баррельге артуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап. 

Алайда бұл шешімнің толық жүзеге асуы әзірге белгісіз. Себебі Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал мен мұнай жеткізу тізбегіндегі іркілістер өндірісті жоспарланған деңгейде арттыруға кедергі келтіруі мүмкін. Бұл мәселені талқылауға Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Алжир, Қазақстан, Ресей және Оман қатысып жатыр. Түпкілікті шешім 3 мамырда өтетін ОПЕК+ отырысында қабылданбақ. 

Қазақпараттың жазуынша, Парсы шығанағындағы жағдай толық тұрақталып, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы қалыпқа келгенге дейін өндірістің нақты өсімі шектеулі болуы ықтимал. Сондықтан бұл қадам әзірге символдық сипатта болуы мүмкін.

Қазіргі таңда мұнай бағасы айтарлықтай қымбаттап, бір баррель үшін 125 доллардан асты. Мамандар алдағы уақытта авиациялық отын тапшылығы туындап, әлемдік инфляция үдеуі мүмкін екенін ескертеді.

Наурыз айында ОПЕК+ елдерінің ортақ мұнай өндірісі тәулігіне 35,06 миллион баррельді құрады. Өндірісті ең көп қысқартқан елдер қатарында Сауд Арабиясы мен Ирак бар. Ресей де инфрақұрылымдық қиындықтарға байланысты өндіріс көлемін азайтқан.

Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктері 2026 жылғы 1 мамырдан бастап ОПЕК және ОПЕК+ ұйымдарынан шығатынын мәлімдеді.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары