Malim.kz
Білім-ғылым

Оқу жылына дайындалу үшін 50 мың теңгеден астам қаржы беріледі

Айгүл Таңатар
Оқу-білім министрлігі

2026 жылғы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында елімізде әлеуметтік осал санатқа жататын 450 мыңға жуық балаға мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға жергілікті бюджеттерден 23 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді, деп хабарлайды Malim.kz.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері - 50 851 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға көп. Сонымен қатар жергілікті бюджеттердің мүмкіндігіне қарай кейбір өңірлерде төленетін сома бұдан да жоғары болуы мүмкін.

Мемлекеттік қолдау жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын және аз қамтылған отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушыларға көрсетіледі. Қаражат мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын сатып алуға арналған.


Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер қажетті құжаттарды баласы оқитын білім беру ұйымына тапсыруы тиіс. Республика бойынша бұл жұмыс жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» акциясы аясында жүзеге асырылады.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары