Malim.kz
Білім-ғылым

«Оқуға түсіріп беремін»: Астанада бірнеше талапкерді алдаған ЖОО қызметкері ұсталды

Айбын Атабай
Фото: Zakon.kz

Астанадағы жоғары оқу орындарының бірінің қызметкері талапкерлерді оқуға «түсіріп беремін» деген желеумен қылмыстық схема ұйымдастырып, 18 адамды алдағаны үшін сотталды. Ол жалған мөрлер мен құжаттарды пайдаланып, әр талапкерден 600 мыңнан 900 мың теңгеге дейін ақша алған. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz.

— Жалған мөрлер мен жалған құжаттарды пайдалану арқылы ол 18 талапкердің сеніміне кіріп, оларды белгіленген қабылдау тәртібінен тыс жоғары оқу орнына оқуға түсіруге ықпал етемін деген жалған ақпаратпен алдап, әрқайсысынан 600 мыңнан 900 мың теңгеге дейін ақшалай қаражат иемденген, — деп хабарлады құзырлы органнан.

Басты сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бірнеше рет алаяқтық жасағанын, сондай-ақ жалған ресми құжаттарды қолдан жасап, жалған мөр дайындағанын толық дәлелдеді.

— Сот үкімімен кінәлі адам 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.

Қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген материалдық залал сотталғаннан өндірілді.

Прокуратура азаматтарға қырағылық танытып, оқу орындарына түсу мәселелері бойынша тек ресми ақпарат көздеріне жүгінуді ұсынады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары