Malim.kz
Мәдениет

Оқушылар өлең оқудан жарысты

Мадина Қайнарова

Алматының Алмалы кітапханасында «Қазақ тілі – қазығым» байқауы өтті.  Оған қатысқан еліміздегі әртүрлі этнос жастары қазақ ақындарының көркем шығармаларын жатқа оқыды. Сондай-ақ мақал-мәтел айтып, сайысқа түсті.  

Іс-шараны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырды. Байқауға қала мектептерінен 20 оқушы қатысты. Олардың барлығы – әртүрлі этнос өкілдері.

Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар шығармашылығы мен шеберлігін көрсете отырып, өзін-өзі таныстырса, екінші кезеңде қазақ ақындарының көркем шығармаларын жатқа оқыды. Үшінші - «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» кезіңінде тіл, ғылым және білім тақырыптарында мақал-мәтел айтып жарысты.

Үш турдың қорытындысы бойынша Дамир Таиров 1-орын алды. Екінші орынды Сабина Лизина мен Дильнура Дуганова бөлісті. Үшінші орынға – Зейнеп Алтыбаева, Али Паначев, Вани Рухсара Ащик шықты.

Айта кетсек, елімізде бір шаңырақ астында барлығы 124 ұлттың өкілдері тұрады. Қазақстан халқы тілдері күні мерекесінің мақсаты – азаматтардың бойында ана тіліне деген сүйіспеншілікті арттыру, оны құрметтеуге тәрбиелеу, сонымен бірге, басқа халықтардың тілдері туралы білімдерін кеңейту.

Фото: assembly.kz

Мадина Қайнарова
Автордың басқа материалдары