Malim.kz
Білім-ғылым

Оқушылары жаппай уланған Алматыдағы мектепке жаңа директор тағайындалды

• Мадияр Қапанбек
Фото: almaty.fizmat.kz

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) басшылығы ауысты. Бұған дейін ондаған оқушысы улану белгілерімен ауруханаға түскен білім ордасының директоры қызметіне Алмаз Күнғожин тағайындалды, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы мектептің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес, бұған дейін директор болған Мейірбек Мейірлан Едігерұлы қызметінен кеткен.

"Республикалық физика-математика мектебінің Алматыдағы филиалына директор болып "Математика" мамандығы бойынша PhD докторы Алмаз Мұхамбетұлы Күнғожин тағайындалды. Ол бұған дейін осы РФММ-де білім алған.

Бұрынғы директор Мейірбек Мейірлан Едігерұлы бұл қызметтегі жұмысын аяқтады", – делінген мектеп хабарламасында.

Жаңа басшы үшін бұл қызмет таңсық емес. Алмаз Күнғожин 2018–2023 жылдары да аталған мектептің директоры болған.

Әр жылдары РФММ-де мұғалім, оқушыларды математикалық олимпиадаларға дайындайтын маман және бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарған.

Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап "РФММ" коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген.

Алматыдағы РФММ-де не болған еді?

Еске салайық, биыл қазан айында Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқушылардың жаппай сырқаттану жағдайы тіркелген болатын.

12-14 қазан аралығында ондаған оқушы жедел ішек инфекциясына ұқсас белгілермен медициналық мекемелерге жеткізілді.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кейін ауруханаға жатқызылған балалар саны 48-ге жеткен. Бұдан бөлек, тағы алты оқушы интернатта оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында болған.

Оқиғадан кейін білім ордасында тиісті тексерулер басталып, оқу процесі уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Бұған дейін мектептің 16 қарашадан бастап гибридті форматқа көшетіні хабарланған. Жоспар бойынша Алматыда тұратын балалар сабаққа қатыса алады, ал интернат тәрбиеленушілері тамақтандыру мәселесі шешілгенге дейін онлайн оқиды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары