Malim.kz
Экономика

Орта жолдан мамандық ауыстыруға бола ма?

Ереке Базарқұл

IMAGE: ©gov.kz

Жұмысшы мамандықтар жылы - еңбек нарығындағы кадр жетіспеушілігін ашық мойынау іспетті. Жұмысшы мамандықтар жылын жариялау - өз кезегінде проблеманы мойындап, нақты қадамдар жасауға мүмкіндік беріп отыр.

Статистика бойынша, жыл сайын жастар санатындағы шамамен 250 мың азамат нарықтағы айналымға қосылып отырады. Оның ішіндегі тек 18% ғана арнайы кәсіптік білім иесі екен.

Ал сұраныс - ғаламат. Біз таза визуал түрде де құрылыстан бастап, жол төсеуге дейінгі салаларда бөтен ел өкілдерін көріп жүрміз.

Қазіргі есеппен алғанда, сол 250 мың адамның аз дегенде 60% жұмысшы мамандарды құрау керек екен. Бұған - бар жұмысшы мамандардың қартайып бара жатқанын қосайық.

Дәстүрлі түрде өнеркәсіп пен ауылшаруашылық механизациясы шоғырланған солтүстік өңірлерде қазірдің өзінде маман тапшы. Осы орайда, жастарды жұмысшы мамандыққа баулуға қоса, интеллектуалдық қызмет иелеріне мамандықты өзгертуді ұсыну да нәтиже бере алады. Электронды еңбек биржасында мұндай мысалдар кездесіп жатыр. Айталық, орта жастан асқан интеллектуалдық еңбек өкілдері аздаған дайындықтардан өткеннен кейін электрик, дәнекерлеуші сияқты жұмысшы мамандыққа ауысқан. Себеп - жалақы мен сыйақылар айтарлықтай жоғары.

Қазір еңбек биржасында жұмысшы мамандықтар әлі де сұранысқа ие. Және ол сұраныс тоқсан сайын тек артып отыр.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары