Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын партиялық тізімдерді тіркеуді аяқтады, деп хабарлайды Malim.kz.
ОСК мәліметінше, жеті саяси партияның тізіміне барлығы 545 кандидат енгізілген. Олар Құрылтайдағы 145 депутаттық мандат үшін бақ сынайды.
Тіркелген кандидаттардың 172-сі әйел, 373-і ер адам. Сонымен қатар тізімде 19 мүгедектігі бар азамат және 35 жасқа дейінгі 74 кандидат бар. Әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі 43,9%-ды құрап, заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келді. Кандидаттардың орташа жасы – 45,4 жас.
Бүгін, 23 шілде күні сағат 18:01-де, Қазақстанда ресми түрде сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол 22 тамыз күні сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін дауыс беру алдындағы үнсіздік күні жарияланады.