Malim.kz
Саясат

ОСК Құрылтай депутаттарын тіркеді

Сабина Асқарқызы
Фото: ҚР Орталық сайлау комиссиясы

Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының XVI отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары тіркелді. Іс-шараға Құрылтайдың сайланған барлық депутаттары қатысты, деп хабарлайды Malim.kz.

Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес Құрылтай депутатының өкілеттігі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында депутат ретінде тіркелген сәттен басталатынын атап өтті.

Отырыста баяндама жасаған ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Орталық сайлау комиссиясы бес саяси партиядан сайланған Қазақстан Республикасы Құрылтайының 145 депутатты тіркеуді көздейтін қаулы жобаларын әзірлегенін хабарлады. Осыған байланысты «Әділет» партиясынан – 110 депутат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан – 8, «Ауыл» партиясынан – 10, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан – 8 және «Respublica» партиясынан – 9 депутат тіркелді.

Сіздердің өкілеттіктеріңіз Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен басталды. Енді сіздер – Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарысыздар. Құрылтай депутаттары тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды. Сайлау науқанының барлық кезеңдері заңнама талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылды. Депутаттық мандат – халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі, ал Құрылтай депутатының мәртебесі әрқайсыңызға еліміз бен халқымыздың алдында үлкен жауапкершілік жүктейді, – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Іс-шара соңында Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Құрылтай депутаттарына куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары