Malim.kz
Мәдениет

Өскеменде ерекше фестиваль өтті

Ереке Базарқұл
ФОТО: ©ustinka.kz

Өскеменде Халықаралық мүгедектер күніне арналған «Рухты теңдік» фестивалі өтті. Облыстық филармонияның сахнасында жүзден астам қатысушы өнер көрсетіп, таланттыға тұсау жоғын көрсетті. Вокал, поэзия, қолданбалы өнер, музыкалық нөмірлер - бәрі де көрерменді бей-жай қалдырмады.

Халықаралық мүгедектер күні жыл сайын 3 желтоқсанда аталып өтеді. Бұл күн 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен белгіленген. Оның мақсаты - мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау бойынша мемлекеттердің міндеттерін еске салу, мүмкіндігі шектеулі жандардың  қадір-қасиетіне құрметпен қарауды нығайту және саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірге толыққанды қатысуын қолдау. Бұл күн әлдеқашан - инклюзия, қолжетімді орта және тең мүмкіндіктер туралы әлемдік диалог алаңына айналды.

Шығыс Қазақстандағы «Рухты теңдік» облыстық инклюзивті фестивалі ерекше қажеттіліктері бар адамдарды ең алдымен өнер иесі ретінде танытатын шығармашылық алаң ретінде ұйымдастырылған. Бағдарламада вокал, музыкалық нөмірлер, авторлық шығармашылық (поэзия, ән, музыка), сурет және қолданбалы өнер қамтылған. Фестиваль облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасының қолдауымен өтіп, Өскемен мен өңір аудандарынан келген қатысушыларды біріктірді. «Рухты теңдік» бүгінде инклюзивті мәдениеттің танымал брендіне айналып, мүгедектігі бар адамдарға құрмет пен теңдік құндылықтарын тұрақты түрде насихаттап келеді.

Биылғы шара облыстық филармонияда өтіп, өңірдің түрлі аумағынан келген таланттардың басын қосты. Сахнада вокалистер, ақындар, бишілер өнер көрсетіп, ал фойеде қолданбалы өнер шеберлері өз туындыларын ұсынды.

Алғаш болып Динара Әбілқайырова «Ел аман болсын» әнін орындады. Одан кейін Александра Леонтьева, Жанар Исламова, Марғұлан Жеңісбеков, Бақытбек Әрімбеков ән шырқады. Наталья Петриченко «Балаларға айтыңдар» атты ерекше - ымдасу тіліндегі әнін көрсетті.

Поэзия бөлімінде Гүлдерайым Мұңғарқызы («Менің өмірімнен монолог»), Елена Миловацкая («Біз жай ғана өмір сүреміз»), Татьяна Медведева («Соқыр әлем»), Жұмабек Сахариев («Біз біргеміз») өлеңдерін оқыды.

Музыкалық бағдарлама Айболат Құнапиевтің («Өмір солай»); Аружан Қамзанованың (ым тіліндегі «Нас миллионы»); Родион Малендордың (аспаптық әуен); Есения Канталинскаяның («Анашым»); Досым Кенжебекұлы, Саянат Фархадқызы, Радмир Ринатұлы және Айдын Мұхамеджановтың квартеті («Hotel California»); Азамат Сайлубаевтың («Вальс»); Сержан Мұхтархановтың («Айқаракөз»); Елена Иванованың («Ты моя нежность») орындауымен жалғасты.

Фестивальдің финалын Ания Нұргазинованың «Қазақ елі осындай» және Данил Дробышевтің «Алға, Қазақстан» әндері түйіндеді.

Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, өнерпаздар мен көрермендерді құттықтап, марапаттау рәсіміне қатысты.

– Шығыс Қазақстан еліміздің ерекше рухани орталықтарының бірі. Біздің баға жетпес мәдени мұрамызды зерттеу, сақтау және көбейту - маңызды ортақ міндет. Ерекше қажеттіліктері бар талантты жандар өз өнерімен, еңбегімен және жігерімен қоғамға шабыт сыйлап, өңір мәдениетінің дамуына зор үлес қосып келеді, - 

деп атап өтті өңір басшысы.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары