Отардағы әскери бөлімдердің бірінде сарбаздың жақ сүйегі сынған. Күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккен әскери қызметші Алматыдағы Әскери-клиникалық госпитальда ем қабылдап жатыр, - деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде зардап шеккен әскери қызметшінің әпкесі видео жариялады. Әйелдің айтуынша, оның інісі 2025 жылғы 28 мамырда Отарға мерзімді әскери қызметке шақырылған.
"Қызметінің аяқталуына 4 ай қалғанда үш сержант оны ұрып-соғып, бір сержант темір затпен ұрып, жақ сүйегі мен мұрнын сындырған. Ол ауыр жарақат алды", - делінген видеода.
Оның айтуынша, оқиғадан кейін екі апта бойы әскери қызметшіге қысым көрсетілген. Одан соң оған азаматтық киім кигізіп, Алматы қаласындағы №5 қалалық ауруханаға жеткізген. Әпкесінің сөзінше, жол ақысын сарбаз қалтасынан шығарған.
"Ота 300 мың теңгеге жасалды, екі ота жасалып, ауыз қуысына металл конструкциялар орнатылды. Бірақ оны дәрігерлердің бақылауында қалдырмай, ауруханаға жатқызбаған. Керісінше, санитарлық та, медициналық та көмегі жоқ жағдайда 16 күн "үйқамаққа" жіберген", - деп мәлімдеді әпкесі.
Сондай-ақ, ол 29 қаңтарда туыстары әскери бөлімнен сарбазды таба алмағанын айтты. Оның айтуынша, рота командирі кейін туыстарын інісі болған пәтерге апарған. Бұдан кейін сарбаз медпунктке орналастырылып, тексеріс отаның дұрыс жасалмағанын анықтаған. Содан соң оны Алматыдағы №1 әскери госпитальға жіберген, қазір ол сол жерде ем қабылдап жатыр.
"Біз бауырымыздың денсаулығын қалпына келтіруді, жақ сүйегін орнына келтіруді және әскерге кеткендегі қалпындай сау күйінде қайтаруды сұраймыз. Алғашында әскери қызметшілер кінәсін мойындамады, қазір кешірім сұрап отыр. Біз оларды кешірмейміз", - делінген үндеуде.
Өтініш иесінің айтуынша, бұған дейін бұл дерек бойынша іс қозғалған, бірақ кейін жабылып қалған.
"Осыған байланысты әкеміз ауруханада ауыр халде жатыр, соған қарамастан әскери қызметшілер одан татуласу туралы қағазға қол қоюды талап етіп жатыр", - дейді әпкесі.
Отбасы кінәлілердің әрекетіне құқықтық баға беріліп, қылмыстық іс қозғалсын деп сұрайды.
Бас әскери полицияның мәліметінше, гвардиялық гарнизонның әскери полициясы әскери қызметшіге күш қолдану дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.
"Оқиға салдарынан әскери қызметшілердің бірінің жақ сүйегі сынған. Зардап шегуші госпитальға жатқызылып, Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпитальда ем қабылдап жатыр. Оған қажетті білікті медициналық көмек толық көрсетіліп жатыр, денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында", - делінген хабарламада.
Материалдар Соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның, сондай-ақ, бөлімдегі әлімжеттік дерегі туралы жоғары басшылыққа уақтылы баяндама жасамаған және медициналық көмекті ұйымдастырмаған әскери бөлім лауазымды тұлғаларының әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Тергеу шаралары кезеңінде әскери бөлімнің бірқатар лауазымды адам қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетілді.
Бас әскери полиция тергеу қорытындысы бойынша кінәлілер Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.