Malim.kz
Экономика

Отбасы банкінің қарызы көбейіп, таза пайдасы азайып кеткен

Malim Админ
Фото: ашық дереккөзден алынды

Отбасы банкінің биылғы қаңтар–қыркүйек айларындағы қаржылық көрсеткіштері жарияланды. Аудиттелмеген аралық есепке сүйенсек, қаржы ұйымының активтері жыл басынан бері 14% өсіп, 4,878 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы Malim.kz Нарық басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Банк активтерінің басты бөлігін — 75,9% — клиенттерге берілген несиелер мен аванстар құрайды. Бұл бағыттағы портфель есепті кезеңде 9,5% ұлғайып, 3,701 трлн теңгеге дейін артқан.

Міндеттемелер де өсім көрсетіп отыр: тоғыз айда банк міндеттемелері 15,4% көбейіп, 4,121 трлн теңгені құраған. Ал клиенттердің банктегі қаражаты 11,6% өсіп, 2,978 трлн теңгеге жеткен.

Сонымен қатар, биылғы тоғыз айда Отбасы банкіне түскен мемлекеттік субсидиялардың жалпы көлемі 257,689 млрд теңгеге тең болды. Салыстыру үшін: 2024 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 264,044 млрд теңге болған. Субсидиялардың 62%-ы — «2-10-20» («Бақытты отбасы») бағдарламасы аясындағы үкіметтік қарыз есебінен түскен қаржы.

Мемлекеттік қолдау төмендегі бағыттар бойынша бөлінген:
• 36,3% — «5-10-20» («Шаңырақ») бағдарламасы аясында бас компанияның бағалы қағаздар шығару механизмі арқылы;
• 1,7% — «2-10-20» бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы органдардан тартылған қарыздар есебінен.

Банктің меншікті капиталы 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 6,6% өсіп, 756,82 млрд теңгеге жеткен.

Ұлттық банк жариялаған рейтингке сәйкес, активтер көлемі бойынша Отбасы банкі Қазақстандағы төртінші ірі банк саналады. Қаржы ұйымының жалғыз акционері — «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі.

Есептегі көрсеткіштер тұрғын үй жинақ жүйесіне деген сұраныстың жоғары екенін айғақтап отыр және мемлекеттік бағдарламалар портфелдің өсіміне айтарлықтай үлес қосуды жалғастыруда.

Malim Админ
Автордың басқа материалдары