Malim.kz
Шоу-бизнес

"Өткенге шүкір, бүгінге алғыс": Роза Әлқожа Астанада мерейтойлық концерт өткізеді

• Алуа Әшірбекова
Роза Әлкожа. Фото: instagram.com/roza_alqozha

Танымал әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында Астанаға келгенін хабарлап, елорда тұрғындарын мерейтойлық концертіне шақырды. Өнер иесі бұл кешті өміріндегі жаңа белеспен байланыстырып, өткен жолына шүкіршілік пен алғыс білдірді, деп хабарлайды Malim.kz. 

Әншінің жазуынша, 9 қазан күні сағат 19:00-де Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда "Бәріне алғыс" атты мерейтойлық концерті өтеді.

"Ал, Астана, қош келдік! "Оңай келген оңай кетеді". Маған ештеңе оңай келген жоқ. Сондықтан да құнды, мәнді. Алла қаласа, осы толған жасыма орай Жаратқанға алғыс айтып, 9 қазан күні Астана қаласы Е. Рахмадиев атындағы филармонияда кешкі сағат 19:00-де "Бәріне алғыс" атты мерейтойлық концерт бермекпіз", – деп жазды әнші.

Роза Әлқожа мерейтойлық кеште өнердегі әріптестерімен, өміріне қуаныш сыйлаған ұл-қыздарымен және жылдар бойы шығармашылығын қолдап келе жатқан көрерменімен бірге ән шырқайтынын жеткізді. Ол алдағы концертті "өткенге шүкір, бүгінге алғыс" деген сөзбен түйіндеді.

Сонымен қатар өнер иесі жазбасында өзінің өлең жолдарын жариялап, өміріндегі қиындықтар мен жаңа кезеңге аяқ басуы туралы ой бөлісті.

Бұған дейін Роза Әлқожа не айтты?

Жуырда әнші жеке өмірі мен қаржылық жағдайы туралы да ашық әңгімелеген еді. “Kezdesu” бағдарламасына берген сұхбатында ол әлеуметтік желіде өнер адамдарының өмірі үнемі сән-салтанатқа толы болып көрінгенімен, шынайы өмірдің мүлде басқаша болуы мүмкін екенін айтқан. Роза Әлқожа өзінің де кредитпен өмір сүретінін жасырмай, көпшілікке көбіне өмірдің "жылтыраған жағы" ғана көрсетілетінін жеткізді. 

Әнші сондай-ақ адамдардың әлеуметтік желіде мінсіз отбасы бейнесін қалыптастыруға тырысатынын сөз еткен. Оның пікірінше, көп жағдайда жұртқа қиындықтар емес, тек жақсы сәттер көрсетіледі. Өнер иесі қазіргі қоғамның жасандылықтан шаршап келе жатқанын да айтқан. 

Бұған дейін Роза Әлқожа өнер жолының да оңай болмағанын бірнеше рет айтқан. 2026 жылғы сұхбаттары мен жазбаларында ол кеш танылғанын, концерт өткізудің үлкен қаржылық және шығармашылық жауапкершілік екенін және өміріндегі қиын кезеңдерді сөз еткен. 

Роза Әлқожа кім?

Роза Әлқожа – қазақстандық әнші, ақын әрі композитор. Ол 1981 жылғы 1 қазанда дүниеге келген. Болашақ өнер иесі бала кезінен музыкаға қызығып, домбыра үйірмесіне қатысқан және түрлі шығармашылық байқауларда бақ сынаған. Кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алды. 

Университетті тәмамдағаннан кейін Роза Әлқожа журналистика саласында еңбек етіп, газетте өнер тақырыбында материалдар жазған. Кейін кәсіби түрде әншілікке бет бұрып, автор әрі орындаушы ретінде көпшілікке таныла бастады. Оның танылуына студенттік жылдары орындаған "Орамалды" әні ықпал еткен. 2008 жылы "Мен сыйға тартқан орамал" атты алғашқы альбомы жарық көрді. 

Роза Әлқожаның репертуарында "Жылатқаның неткенің", "Қара күз", "Мына өмір ғажап қандай" секілді тыңдарманға белгілі шығармалар бар. Ол ән орындаумен қатар өлең жазып, әндерге әуен шығарады. Өнер иесі журналист Айдын Қабамен отбасын құрған, бес баланың анасы.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары