Malim.kz
Құқық

"Өз үйімнен қуылғалы отырмын". Индира Елемес Тоқаевтан көмек сұрады

Айбын Атабай
видеодан скриншот

Белгілі әнші Индира Елемес әлеуметтік желіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, депутаттарға және қоғамға арнап бейнеүндеу жасады. Ол Instagram-дағы парақшасында видео жариялады, деп хабарлайды Malim.kz Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Индира Елеместің айтуынша, ол 2018 жылдан бері балаларымен бірге Алматыдағы «Эль-де-Франско» тұрғын үй кешенінде тұрып келген.

Алайда бұл үйдің “құрылыс компания өкілдері пәтерді өз аттарына қайта рәсімдеп, бар болғаны 25 миллион теңгеге сатып алған”. Ал әншінің сөзінше, пәтердің нақты бағасы шамамен 125 миллион теңге.

Ең сорақысы, бұл мәміле оның бұрынғы күйеуі, қазір тергеу изоляторында отырған Иманмади Қалелханның атынан жасалған.

”Қалайша түрмеде отырған адам еркін келісімшартқа қол қойып, мені пәтерден шығарып тастауға қатыса алады? Менің атыма тіркелген көлігімді де үш есе арзан бағамен сатып жіберген”, — дейді Индира Елемес бейнеүндеуде.

Сонымен қатар, ол бұрынғы жұбайының түрмеден әлеуметтік желілерге кіріп, өзіне жала жауып, туыстарына қоқан-лоқы жасап отырғанын да айтты.

Әншінің сөзінше, ол бұл жағдайға байланысты полицияға бірнеше рет шағымданғанымен, іс қозғалған жоқ.

“Мен әділдік іздеп полицияға бардым, бірақ олар істі жауып тастады. Қазір мен өз үйімнен балаларыммен бірге қуылғалы отырмын. Президент мырза, менің және балаларымның құқығын қорғауыңызды сұраймын”, – деді Индира Елемес бейнеүндеуде.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары