Malim.kz
Спорт

Өзбекстанда футболдан әлем чемпионатындағы матчқа байланысты жұмыс күні кеш басталады

Арман Қайыпхан
Фото: Өзбекстан футбол қауымдастығы

Өзбекстанда ұлттық құраманың футболдан әлем чемпионатындағы ойынына байланысты мемлекеттік мекемелердің жұмыс уақыты кейінге шегерілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Президент Шавкат Мирзиёев қабылдаған шешімге сәйкес, 18 маусым күні елдегі барлық мемлекеттік ұйымдар жұмысын сағат 10:00-де бастайды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов мәлімдеді.

Шешім футболдан әлем чемпионатында өнер көрсететін Өзбекстан құрамасының матчына байланысты қабылданған. Ұлттық құрама 18 маусым күні таңғы сағат 07:00-де Колумбия ұлттық футбол құрамасы командасына қарсы алаңға шығады.

Шерзод Асадовтың айтуынша, мұндай қадам ел тұрғындарына тарихи матчты тікелей эфирден тамашалап, ұлттық құраманы қолдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің де ойынды үйінде отбасы мүшелері және немерелерімен бірге көретіні хабарланды.

Айта кетейік, бұл – Өзбекстан ұлттық футбол құрамасы үшін тарихи турнир. Команда өз тарихында алғаш рет футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алып отыр.

Әлем чемпионатындағы алғашқы ойын өзбекстандық жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары