Malim.kz
Шоу-бизнес

"Өзімді қорғап жүруден шаршадым": Дариға Бадықова нені аңсағанын айтты

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықова жеке өміріндегі сезімдері туралы ашық айтып, жылулық пен қамқорлыққа мұқтаж болғанын жеткізді. Өнер иесі көпшіліктің ықыласы жақын адамның қолдауы мен махаббатының орнын толтыра алмайтынын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Экранда түрлі кейіпкерді сомдап, көрерменді күлдіріп жүрген актриса күнделікті өмірде өзінің де қиналатын сәттері бар екенін жасырмады. Оның сөзінше, өнердегі жетістік адамның барлық мәселесін шешіп бермейді. Танымал тұлғаның да өзгелер секілді көңіліне медеу іздеп, біреудің қолдауын күтетін кездері болады.

"Мен өнеріммен ғана ерекшемін. Ал өмірде мен де қарапайым адаммын. Менің де жүрегім бар. Мен де көп нәрсені шеше алмаймын, қиындықтар болады. Иә, маған жылулық жетіспеді. Халықтың махаббатына бөлену бір бөлек, ал сенің жеке өмірің бар ғой. Екеуі – екі бөлек махаббат", – деді актриса.

Бадықова тыңдарман мен көрерменнің ықыласын жеке өмірдегі жақындық сезімімен салыстыруға келмейтінін жеткізді. Көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленгенімен, өзі де қамқорлық сезініп, арқа сүйейтін адам іздегенін айтты.

Өнер иесі үнемі өзін қорғап, қиындықтарға қарсы тұрудан шаршағанын да ашық жеткізді. Оның айтуынша, сақтанып, өзін қорғауға тырысқанның өзінде көңілге тиетін жағдайлардан толық құтылу мүмкін емес.

"Мен жылулық, қамқорлық, қорғаныс іздедім. Өзімді қорғап жүруден шаршадым. Бірақ қорғанып жүрсем де, маған оқ тиетінін түсіндім", – деп бөлісті Дариға Бадықова.

Актриса бұл сөздерінде нақты кімге немесе қандай оқиғаға қатысты айтып отырғанын ашып көрсетпеген.

Айта кетейік, бұған дейін Дариға Бадықованың өз бойындағы өзгерістер туралы айтып, бұрынғыдай жұрттың бәріне түсінікті болуға тырыспайтынын жеткізгені жөнінде жазған едік. Сол жазбасында актриса көп нәрсені жүрегінен өткізіп, өмірге көзқарасы өзгергенін айтқан.

Дариға Бадықова кім?

Дариға Болатқызы Бадықова – қазақстандық театр және кино актрисасы, продюсер. Ол 1985 жылғы 1 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Шығармашылық жолында театр сахнасында да, кино мен телехикаяларда да түрлі кейіпкерді сомдаған.

Актриса өнерге алғашында әнші болуды армандап келген. Өзінің сұхбатында академияның эстрадалық вокал бөліміне құжат тапсырмақ болғанын, кейін музыкалық драма бағытын таңдағанын айтқан. Өнердегі ұстазы – режиссер Болат Атабаев. Бадықованың сөзінше, театрда жүрген кезінде көбіне драмалық және трагедиялық рөлдерді ойнаған.

Көпшілікке "Келінжан" телехикаясындағы Айсара бейнесімен кеңінен танылды. Сондай-ақ "Қазақша бизнес" фильмдеріндегі Мақпал, "Тракторшының махаббаты" телехикаясындағы Ләззат рөлдерімен көрермен есінде қалды. Актриса кейіпкерлерін жасау кезінде күнделікті өмірдегі адамдардың мінезі мен іс-әрекетін бақылап, соны шығармашылық ізденісіне пайдаланатынын жеткізген.

Кейін продюсерлікке бет бұрып, "Таптым-ау сені" фильмі мен оның жалғасын жасауға атсалысты. Бұл жобаларда актерлік жұмысын продюсерлік міндетімен қатар алып жүрді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары