21 жастағы британдық әйел жүктілігі барын білмей, толғақты соқырішек ауруының белгісі деп қабылдап, күтпеген жерден босанып қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
What’s The Jam басылымының мәліметінше, Йоркшир графтығында тұратын, Лидс қаласындағы стоматологиялық клиникада жұмыс істейтін Деми-Ли Сефтон мектеп кезінен бері Брэд Баррингтонмен қарым-қатынаста болған. Жас жұп баспана сатып алмайынша, бала сүюді кейінге қалдыруды жоспарлаған.
2025 жылғы 12 мамырда Сефтонның іші қатты ауырып, ол мұны ауыр өтетін етеккірмен байланыстырған. Ауырсынуды басатын дәрі қабылдап, тынығуға тырысқанымен, жағдайы жақсармаған. Таңға жуық ол өзінде соқырішек ұстамасы болуы мүмкін деп ойлап, анасына хабарласып, жедел жәрдем шақыртқан.
Оқиға орнына жеткен дәрігерлер жас әйелдің кемінде жеті айлық жүкті екенін және толғағы басталғанын айтқан. Бұл ақпарат Сефтон үшін үлкен тосынсый болған. Оның айтуынша, етеккірі үнемі келіп тұрған, кейде ғана кідіріс байқалған, алайда мұндай жағдайлар бұған дейін де кездескен.
Серігімен байланыс орнату мүмкін болмағандықтан, Деми-Ли Сефтон ауруханаға жеткізіліп, арада небәрі 45 минут өткен соң дені сау қыз баланы дүниеге әкелген. Нәрестеге Хейзел есімі қойылған.