Malim.kz
Оқиға

Пара бар, ақша жоқ: соттағы тосын түсініктеме судьяларды да таңғалдырды

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

Жемқорлық ісінде дәлел ретінде сақталған ақша сотқа жетпей бүлінген. Ал оның себебін түсіндіргенде судьялардың өзі күмәнданған, деп Malim.kz тілшісі LiveLaw басылымына⁠ сілтеме жасап хабарлайды.

Іс балаларды дамыту бағдарламасына жауапты болған әйел қызметкерге қатысты қозғалған. Оған пара талап етті деген айып тағылған. Алайда сот талқылауында айыптау тарапы тәркіленген банкноттарды көрсете алмаған. Ақшаның сақтауға қабылданғаны туралы тіркеу жазбасы болғанымен, купюралардың өзі жоқ болып шыққан.

Оның себебі ретінде күтпеген түсініктеме берілген: ақша салынған конвертті ішіндегі банкноттарымен бірге егеуқұйрықтар бүлдіріпті. Бұған айғақ сақталатын бөлмедегі қолайсыз жағдай себеп болғаны айтылған.

Алғашқы сот әйелді ақтаған. Бірақ жоғары тұрған сот бұл шешімді өзгертіп, оны кінәлі деп таныған. Сот ақшаның сақталмауы өзге дәлелдерді автоматты түрде жоққа шығармайды деген ұстанымға келген.

Іс Жоғарғы сотқа жеткенде, судьялар банкноттардың кеміргіштерден жойылғаны туралы түсініктеменің сенім тудырмайтынын атап өткен. Олар осындай істерде тәркіленген ақшаның қаншасы дұрыс сақталмай бүлінуі мүмкін деген мәселе көтерген.

2026 жылғы 24 сәуірде Жоғарғы сот әйелдің жазасын орындауды уақытша тоқтатып, кепілмен босатуға шешім шығарған. Ақшаның бүлінуіне қатысты мәселені негізгі істі қарау кезінде қосымша зерделейтінін мәлімдеген. Бұл шешім әйелдің толық ақталғанын білдірмейді.

Оқиға Үндістанның Бихар штатында болған. Іс бойынша Аруна Кумари есімді қызметкерге 10 мың рупий пара талап етті деген айып тағылған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары