Malim.kz
Оқиға

Павлодар-Астана тасжолындағы жол апатынан қыз бала қаза тапты

Айбын Атабай
Фото: Константин Шелков

Павлодар-Астана автожолында жол-көлік оқиғасы болып, кәмелетке толмаған қыз бала қаза тапты. Апат Достық ауылының маңында болған, деп хабарлайды Malim.kz.

Жедел жәрдем қызметіне оқиға туралы хабар 14 тамыз күні сағат 17:00 шамасында түскен. Апат орнына үш жедел жәрдем бригадасы, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және Қалқаман ауылындағы дәрігерлік амбулатория қызметкерлері барған.

Жол апатынан кейін екі ұл мен бір қыз облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың біріне еріп барған әйел де ауруханаға жатқызылған. Ал бір ер адам мен әйел Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.

Медицина мамандарының мәліметінше, кәмелетке толмаған қыз аса ауыр жарақат алған. Ол жедел жәрдем көлігіне клиникалық өлім жағдайында жеткізілген. Дәрігерлер реанимациялық шаралардың барлық мүмкіндігін жасағанымен, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

«Зардап шегуші жедел жәрдем көлігінде клиникалық өлім жағдайында қабылданды. Реанимациялық көмек көрсетілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – деп хабарлады өңірлік жедел жәрдем станциясы.

Сонымен қатар 16 тамызда Тобылжан ауылының маңында тағы бір жол апаты тіркелген. Көлік жол жиегіне аударылып, салдарынан үш ер адам аудандық ауруханаға жеткізілді.

Оқиға орнында жіті стресстік реакция алған бойжеткенге де медициналық көмек көрсетілді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары