Malim.kz
Оқиға

Павлодар облысында Ан-2 ұшағы апатқа ұшырады: бір ұшқыш қаза тапты

Сабина Асқарқызы
Фото: kerek.pv

27 мамыр күні Павлодар облысының Железинка ауылы маңында Ан-2 ұшағы апатқа ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша, әуе кемесі электр тарату желілеріне тиіп кеткен, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің хабарлауынша, ұшақ авиациялық-химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізген. Оқиға кезінде бортта екі экипаж мүшесі болған.

Апат салдарынан ұшқыштардың бірі қаза тапты. Белгілі болғандай, марқұмның бүгін 29 жасқа толған күні болған. Ал екінші ұшқышты Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ұшақ ішінен шығарып алып, құтқарған. Ол есін жоғалтпаған.

1998 жылы туған зардап шеккен ұшқыш бастапқыда Железин аудандық ауруханасына жеткізілді. Кейінірек Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оны Апаттар медицинасы орталығының санитарлық авиация бортымен Павлодар қаласындағы №1 қалалық аурухананың политравма бөліміне ауыстырған. Дәрігерлер оның жағдайы жөнінде толық ақпарат тексеру нәтижелерінен кейін жарияланатынын мәлімдеді.

Көлік министрлігінің мәліметіне сәйкес, апаттың нақты себептерін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті анықтайды. Мамандар оқиға орнына жіберілген.

Сонымен қатар, Павлодар станциясындағы көліктегі полиция бөлімі ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғады.

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа ұшыраған Ан-2 әуе кемесі «Жеңіл және аса жеңіл авиация пайдаланушылары» (ЭЛИСА) заңды тұлғалар бірлестігіне тиесілі болған. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары